Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жөңдеу жұмыстары жасалып жатыр

Таяу арада облыстық аурухананың келбеті мына суреттегі сияқты адам танымастай өзгереді. Қазір нысанның қасбеті мен шатыры ауыстырылып жатыр. Одан кейін аурухананың айналасы абаттандырылады. Түрлі ағаштар мен гүлдер егіліп, шағын саябақ жасалмақ.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:


– Хирургиялық бөлімше орналасқан ғимарат 1974 жылы салынған. Сол кезден бері нысанның сырты бірде-бір жөндеу көрмеген еді. Енді хирургиялық бөлімшенің басты кіре берісі Пушкин көшесі жағында болады. Ал, айналма жолмен мекемеге жедел жәрдем көлігі келеді.

Қазіргі таңда нысанның жан-жағында 40-қа жуық құрылысшы еңбектеніп жатыр. Олар – “Пилон” және “Строй Дизайн” серіктестіктерінің мамандары.

Облыстық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, бұл мақсатқа облыс қазынасынан 157 млн теңге бөлінген екен.

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:


– Сондай-ақ, осы жерде арнайы тақырыптық аялдама бой көтермек. Мұнда тұрғындар аурухана жайлы түрлі ақпараттармен қаныға алады.

Ал, облыстық қан орталығының салынғанына 10 жыл ғана өтсе де сырты біраз ескіріпті. Қазір қасбеті қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал, нысанның алдына мүгедектерге арналған пандус орнатылуда.
Ғимараттың ішінде де біраз жұмыстар атқарылған екен. Төбе, қабырғалары жаңартылып, тозығы жеткен кафельдер мен плиткалары алмастырылған.

Алдағы уақытта облыстық қан орталығының алды да көркеймек.

Сабыржан Тәукелов – облыстық қан орталығының директоры:


– Ең бастысы, жөндеу жұмыстары біздің мекеменің қызметкерлері мен келушілеріне ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Мамандар өздерінің міндеттерін күнделікті атқаруда. Мұндағы донорларға барлық жағдай жасалып отыр. Біз осы шаруалар басталмас бұрын, арнайы кесте құрып, сол бойынша қызмет етудеміз.

Облыстық қан орталығында мамыр айынан жүріп жатқан жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін жалғаспақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінген сома 97 млн теңгені құрайды.

Тогжан Акмагамбетова