Қоғам

1-ші топтағы мүгедектің күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері белгіленді

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында бірінші топтағы 507 мүгедек тұрып жатыр. Соның 207-сі Петропавлда болса, қалғаны өңір аудандарында тіркелген. Осы жарымжандың күтушілеріне 1-ші шілдеден бастап, жаңа жәрдемақы тағайындалады. Мемлекеттік көмекті алуға қазірдің өзінде 479 мүгедек баласы бар жерлесімізден өтініш келіп түскен. Төлемақының мөлшері 29 699 теңгені құрайды.


Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Бұл жәрдемақы өтініш берген күннен бастап тағайындалады. Өтінішті 1-ші топтағы мүгедектің өзі білдіре алады, сонымен қатар ол кісінің заңды өкілі білдіруге құқылы. Егер де отбасында бірінші топтағы мүгедектігі бар бала саны 2 не одан да көп болса, жәрдемақы әрбіріне төленеді.

1-ші топтағы мүгедек жандардың ата-аналары, заңды өкілдері атаулы көмекті алу үшін – тұрғылықты мекен-жайында орналасқан Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының бөлімшелеріне немесе электрондық үкімет порталына жүгіне алады. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарды күтіп бағуға келіскердерге қойылатын бірқатар талаптар бар.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Бала кезінен 1-ші топтағы мүгедек пен күтім жасайтын адам бір елді-мекенде тұруы керек. Бала кезінен 1-ші топтағы мүгедекке күнделікті бір немесе бірнеше қажеттіліктерді жүзеге асыруға көмек жасау қажет. Мысалы, киіндіруі, тамақ беру, жуындыру және тағы басқа көмектер көрсету керек. Бала кезінен 1-ші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы кәмелетке толмағандарға, сотпен әрекетке қабілеті шектеулі азаматар мен психиатриялық, наркологиялық диспансерде есепте тұрған азаматтарға тағайындалмайды.

Жаңа әлеуметтік төлемге енді шаһар тұрғыны Шолпан Тілегенова да үміт арта алады. Жерлесіміздің қызы Сәния 3 жасында балабақшада басынан зақым алып, кейін дәрігерлердің салғырттығынан мүгедек болып қалған. Ол жаңа төлемнің өзі секілді жарымжан баланы күтетін ел тұрғындарына үлкен көмек екенін айтады. Өйткені нәзікжанды қызына көп уақыт бөлетіндіктен, тұрақты табыс көзі жоқ.

Шолпан Тілегенова – қала тұрғыны:


– Жәрдемақы тағайындауға қажетті құжаттар тізімін өткізіп қойдым. Енді тамыз айынан алғашқы жәрдемақыны аламыз. Бұрындары қызымның күнделікті жаялықтарына біраз шығындануға тура келетін. Мен сияқты аналарға қаржылай көмек артықтық етпейді. Өйткені, барлығы қымбат.

Айту керек, теріскейдегі медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрып жатқан 1-ші топтағы 82 мүгедектің өздері төлемақының бұл түріне иек арта алмайды.

 

Бақыт Садуақасов