Қоғам

Сергеевка қаласының маңында туристік база ашылды

 

Сергеевка су қоймасының маңындағы туристік базаның құрылысы осыдан тура бір жыл бұрын басталған. Ерке есілдің жағасында демалушылар үшін әзірге 7 бөлмелі балықшылар үйі, коттедж бен монша жұмыс істейді. Бағалары қалта көтерелерлік.

Жасұлан Сәдуақасов – “Beauty land” ЖШС басқарушысы:

Үйдің бағасы тәулігіне 30 мың теңге. Ішінде қажеттінің бәрі де бар. Ал бір нөмір тәулігіне 3 мың теңге тұрады.

Қазірдің өзінде турбаза бір уақытта 120 демалушыны емін-еркін қабылдай алады. Мақсат – бұл көрсеткішті 500 адамға жеткізу. Сондықтан аумақта құрылыс әлі де қызу жүріп жатыр.

Жасұлан Сәдуақасов – “Beauty land” ЖШС басқарушысы:

Келесі жазға дейін екі қабатты ғимарат тұрғызбақпыз – астында дәмхана, ал екінші қабатында қонақ үй болады. Тағы 3 коттедж, монша және 300 орындық мейрамхана салынады.

Заманауи демалыс орнын соғу үшін бүгінге дейін Жасұлан Сәдуақасов өз қалтасынан 200 млн теңге жұмсаған. Қаржыны 10-15 жылдың ішінде қайтарып алуды көздеп отыр. База басқарушысының сөзіне сенсек, қазірдің өзінде демалушы тараптан сұраныс орасан. Мамырдан бері мекен 500-ден астам туристі қабылдап үлгерген. Тынығып қайтқандардың арасында қазақстандықтардан бөлек, Ресей Грузия, Украина тіпті Түркиядан келгендер бар. Алдғы уақытта база қысқы уақытта да жұмыс істейтін болады. Қар түсісімен мұнда мұз айдыны мен шаңғы трассасы дайындалмақ.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

 


– 2018 жылдың 6 айында Шал ақын ауданына 1,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Оның бір бөлігі туризм саласына тиесілі. Қазір бұл бағытты жіті дамытып жатырмыз. Жоғарыда аталған демалыс орнынан бөлек Аютас ауылдық округінде аңшылар мен балықшыларға арналған база салынып жатыр.

Былтыр Шал ақын ауданы 2 мыңнан астам туристі қабылдаған. Демалушылардың төрттен бірі Ресейден келіпті. Қазір аудан бойынша 3 қонақ үй мен 1 хостел жұмыс істейді.

Саят Ермек