МТРА жаңалықтары

Көпқабатты үйлер қауырт маусымға дайын емес

Интернационал көшесі, 35, Гастелло, 50, Кошуков, 2 және тағы да ондаған мекен жай. Бұл тізімдегі үйлердің тұрғындары былтырлары қыс кезінде уақытша жылусыз қалған екен. Себебі, олардың баспаналарындағы металлопластиктен жасалған жылу құбырлары талапқа сай емес. Бұл қызылжарлықтардың кебісін биыл Уәлиханов көшесіндегі 3-ші үйдің тұрғындары да киюі әбден мүмкін. 10 жылдай бұрын мұнда да құбырлар қалта қақпайтын, алайда сапасы әлдеқайда төмен пластик материалға ауыстырылыпты. Пәтер иелері кооперативінің төрайымы Алма Әбілмажинованың айтуынша сол уақыттан бері олар бірнеше рет сыр берген.

Алма Әбілмажинова – ПИК-56 төрайымы:


–  Соңғы жарты жылдың ішінде тікқұбырды 3 рет ауыстырдық. Бүгіндегі олардың жағдайы мүлдем нашар, майысып кеткен. Сол себепті, 5 жыл бойы «Петропавл жылу желілері» серіктестігі қысқа дайындықты растайтын құжатты бермей отыр. Қауырт маусымда жылусыз қалуымыз әбден мүмкін.

Қыс уақытында үйдегі жылу құбырларының жарылуы ондаған пәтер тұрғындарын қолайсыз жағдайда қалдыратыны сөзсіз. Қақаған аязда баспана іші лезде суып кетеді. Сондықтан, қауырт маусымға дайындық мәселесін жаз өтпей тұрып түбегейлі шешіп алған жөн.

Алма Әбілмажинова – ПИК-56 төрайымы:


–  Бұл мәселені тұрғындармен өткізген жиында көтердік. Алайда, барлығы дерлік қарсы. Пластик құбырларды металлдан жасалғанына бөліп-бөліп ауыстырайық дейді. Ол қаржы жағынан қолайсыз. Өйткені, темір құбырларды орнату шамамен 1,5 млн теңгеге шығайын деп тұр. Үйімізде 50-ден астам пәтер бар. Сонда, әрбір отбасыға 25-30 мың теңгеден шығын келмек. Барлығының бірдей қалтасы бұл соманы көтермейді.

Жыл сайын Петропавл жылу желілері серіктестігінің мамандары да әрбір үйдің табалдырығын тоздырып, қысқа дайындық жайын ескертеді. Себебі, шаһардағы баспаналардың басым бөлігіндегі жылу құбырлары металлопластиктен жасалған екен.

Виталий Холоша – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары:


–  Металлопластиктің қолданылу ұзақтығы судың температурасына байланысты. Бірақ, оның өзінде мұндай құбыр ойда-жоқта жарылып кетуі мүмкін. Ыстық су атқылаған пластикті, тіпті, матамен орай да алмайсыз. Тағы бұл құбырларды жөндету оңай шаруа емес. Бір бөлігін ғана емес, тұтас ауыстыру қажет.

Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 20 пайызында автоматтандырылған жылу пункті орналастырылған екен. Қондырғы құбырдағы су температурасын бірқалыпта ұстап, реттейді. Сондықтан, оқыс жағдайда қалмау үшін қалалықтарға не арнайы құрылғы орнату қажет, не болмаса құбырды ауыстыру – міндет.

 

Эльмира Садвокасова