Қоғам

Биылғы жылыту маусымында көмір тапшылығы болмауы тиіс

Былтырғы қыс үйін көмірмен жылытатын жерлестеріміздің есінде жақсы сақталған. Сондықтан, олар биыл да қара отын тапшылығы бола ма деп алаңдап отыр. Ал қыстың ауылы болса алыс емес. Күллі теріскейге көмір жеткізетін жергілікті “Альянс Жолы” серіктестігі бұл қыста өз тарапымыздан жетіспеушілікке жол бермейміз деп отыр.

Александр Кондратов – “ТЭК “Альянс жолы” ЖШС бас директоры:

– Биылғы жылыту маусымына облысымызға Майкүбелік қара отынның 60-80, “Богатырь” көмірінің 145, ал Шұбаркөлдік отынның 50-70 мың тоннасын жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде қажетті келісім-шарттардың бәрі жасалып қойды.

Бұдан бөлек “Альянс жолы” облыс бойынша мектеп, аурухана сынды 250 әлеуметтік маңызы бар нысанды қысқы уақытта көмірмен қамтиды. Бұл бюджеттік мекемелер үшін “Богатырь” кенінен келетін көмірінің 123 мың тоннасын компания шілденің алтысына дейін жеткізті. Ал тұрғындар компанияның өңір бойынша орналасқан 13 көмір үлестіретін станциясына жүгіне алады. Мәселен, Петропавлдағысында қара отынның бірнеше мың тоннасы жатыр.

Евгений Данилов – “ТЭК “Альянс жолы” ЖШС учаске бастығы:

– Тұрғындар үшін қазір станцияда 1 мың тоннадай Майкүбі және 500 тоннадай Шұбаркөл көмірі бар. Халық көпке созбаса дейміз, себебі күзде вагон жетіспеушілігінің болуы ғажап емес. Әзірге, отынды сатып алып жатқан қалалықтардың саны өте аз.

Көмірдің бағасын серіктестік биыл өсірмейді. Мәселен, “Богатырь” кенінен келетін көмірдің бір тоннасы былтырғыдай 8400 теңгені құрайтын болады. Майкүбілік отынның мың келісі 12-13, ал Шұбаркөлдің тоннасы 14-16 мың теңгеден саудаланбақ.

Саят Ермек – тілші:

 


– Қазір “Альянс жолы” ЖШС Петропавл қаласындағы станциясы тұрғындарға тәулігіне тек 50-60 тонна көмір саудалайды. Олардың сөзінше тұрғындар әзірге белсенділік танытпай отыр. Тек күздегі ұзын сонар кезектерді айналып өту үшін серіктестіктегілер халыққа қазірден бастап көмір қорын жасақтауға кеңес береді. себебі, қыстың қамын жаз ойлаған жөн.

Саят Ермек