Спорт

Теріскейлік велошабандоздар ел чемпионатында 4 медальға қол жеткізді

16 жастағы Владимир Мулагалеев осы жолғы ел чемпионатында қанжығасын 2 бірдей медальмен майлапты. Жасөспірім критериум кезеңінде 25 шақырымды өзге қарсыластарынан бірінші болып бағындырып, топ жарды. 5 жыл көлемінде велоспортпен шұғылданып жүрген Владимир топтық сында да жақсы өнер көрсетіпті.

Владимир Мулагалеев – ҚР велоспорттан спорт шеберіне үміткер:


–  Бізге топтық жарыста 13 айналым жасап, 75 км-ді жүріп өту міндеттелді. Бұл күні қатты жаңбыр жауып, көптеген қиындықтарға төтеп беруге тура келді. Тіпті, жолда қатарластарымыздың бірі құлап қалды. Осы жағдай болмаса, мүмкін алға басып, бірінші келетін едік. Бірақ, қола медальді мүсе тұттық.

Бұдан бөлек, жарыс ережесіне сай велоспортшылар командалық және жекелей сында өзара мықтыны анықтапты. Мұнда да, жерлестеріміз жүзден жүйрік атанып, командалық есепте көш бастады.

Никита Коняев – ҚР велоспорттан спорт шеберіне үміткер:


–  Командамызбен жарыс жолына шыға салысымен жылдамдықты қосып, алға кеттік. Бірінші айналымның соңында қарсыластарымыз 30 секунтқа озып еді, бірақ, біз екінші айналымда көш бастап, мәре сызығына бірінші болып жеттік.

Велосипед спортынан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты еліміздің жер-жерінен 200-ден астам спортшының басын біріктірген. Бұл сында өңір намысын 12 шабандоз қорғады.

Сергей Ишимов- СҚО бойынша велосипед спортынан аға жаттықтырушы:


–  Біздің құрама жалпы есепте 2 алтын және 2 қола медальға қол жеткізді. Командалық жарыста алтын алқа иеленген 4 спортшы ҚР ұлттық құрама сапына алынды. Олардың қатарында Кирилл Вагнер, Никита Коняев, Максим Сараев, Игорь Романов бар.

Қазір теріскейлік велошабандоздар алда өтетін маңызды жарыстарға дайындық үстінде. Спортшылар күнделікті шамамен 3 сағаттан жаттығып, 100 шақырымды жүріп өтеді.

Тогжан Акмагамбетова