МТРА жаңалықтары

СҚО “Киелі мұра. Ұлы дала елі” республикалық акциясын қабылдады

“Киелі мұра. Ұлы дала елі” акциясы ел аумағындағы қасиетті мекендердің бұқара арасындағы танымалдығын арттыруды көздейді. Ол ҚХА жанындағы “Жаңғыру жолы” республикалық қозғалысының аясында өтіп жатыр. Солтүстік, оңтүстік және батыс – акцияның осындай үш бағыты бар. Осылайша жоба бүкіл Қазақстанды қамтымақ. Солтүстік Қазақстан Астана қаласы мен Ақмола облысынан кейін акция эстафетасын қабылдап отырған үшінші өлке.

Сәлімхан Сәбитов – “Қоғамдық келісім” мекемесінің бас сарапшысы:


– Ақын-жазушы, еліміздің қалыптасуына үлес қосқан бабалардың ескерткіштері, киелі жерлерді жастарға дәріптеу және шетелдік туристерді бізге тарту мақсатында осы акция ұйымдастырылып отыр.

Бұл – Шоқанның әжесі Айғаным ханымның Сырымбеттегі қонысы. Ұлы ғұлама өзінің балалық шағын дәл осы жерде өткізген. Айыртау ауданындағы қоныс киелі жерлердің республикалық картасына кіреді. Жоба нышандары – ассамблея байрағы мен арнайы фотоальбом дәл осы мекенде салтанатты түрде біздің өңірге тапсырылды. Табыстаған – Ақмола облысының делегациясы.

Светлана Егикян – “Жаңғыру жолы” республикалық қозғалысының Ақмола облысы бойынша үйлестірушісі:

– Біз эстафетаны Астана қаласынан қабылдадық. Кейін елордалық меймандармен Ақмола өңірінің қасиетті жерлерін араладық. Біржан сал атындағы діни кешенде және Бурабайдағы Абылай хан алаңқайында болдық. Саяхат жастарға ұнады. Мұндай шаралар өз нәтижесін бермей қоймайды. Осылайша ұлтаралық келісім мен өскелең ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығы артады.


Альбом – бұл акция күнделігі. Оған әр облыс өзінің киелі жерлеріне жасаған саяхатынан фотсуреттерді салып, әсерлерімен бөліседі. Символарды табыстау салтанатына өңірдің белсенді жастары да қатысты.

Гүлдана Рысбаева – СҚО мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:

– Елбасының “Рухани Жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында жастарды киелі жерлерге фото-саяхатқа алып келдік. Ол 2 күнге жалғасады.

Кейін Көкшелік қонақтар мен фото саяхат қатысушылары үшін Айғаным қонысы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар Шоқан Уәлихановтың бөлмесіне кіріп, жеке заттарын көзбен көрді. Қоныс маңынан орын тепкен монша мен мешіттің де ішін аралады.

Саят Ермек – тілші:

 


– Сырымбеттегі Айғаным қонысынан бөлек меймандар дәл осы Айыртау ауданында орналасқан Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені мен Ботай тұрағына бас сұқты. “Киелі мұра. Ұлы дала елі” акциясының нышандары СҚО-да тамыздың онына дейін болады. Кейін өңіріміз эстафетаны Қостанай облысына табыстайды. Республикалық акцияның жалпы қорытындысы тамыз айының соңында Алматы облысында өтпек.

Саят Ермек