Балалар

“Достық” сауықтыру лагерінде спорттық эстафета өтті

Таза ауа мен көркі көз тартар табиғат аясы. Жаз мезгілінде теріскейлік балғындар бос уақыттарын лагерлерде өткізетіні белгілі. Демалыстарын мейлінше қызықты әрі тиімді ұйымдастыру үшін орталықтарда бар жағдай жасалған. Тіпті жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қызықты шаралар қарастырылған. Осы орайда, бүгін лагерьге мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің СҚО бойынша департаментінің қызметкерлері аялдады.

Серік Айдарбеков – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы имунитетті қалыптастыру болып табылады. Жастар бос уақытында осы кесел жөнінде кеңірек біле алады.

Шара аясында лагерь тәрбиеленушілері “Әділ жеңіске жет” спорттық эстафетасына қатысты. Алдымен, жеткіншектер жас ерекшелігіне қарай 8 топқа бөлініп, жарыс жолына шықты.

Бірінші кезекте құрама ойыншылары допты кезек-кезек теуіп, жылдамдыққа жұмыс жасады. Кейін скакалкамен секіріп, белсенді ойын өрнегін көрсетті. Бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен 3 құрама соңында ақтық сында тартысқа түсуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде ептілік танытқан 7-ші құрама алға шығып, жеңіске жетті.

Илья Олейников – жарыс жеңімпазы:


– Спорттық сайыстағы қарсыластарымыз осал болған жоқ. Бірінен-бірі өтеді. Өз қорқынышымызды жеңіп, әр кезеңде бірінші болып келуге барымызды салдық. Мұндай жарыстар достар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септеседі.

Осы тартыста жеңіске жетпегендері де мұңайған жоқ. Өйткені, бастысы жеңіске жету емес, қатысу, – дейді тынығушылар. Оның үстіне, балғындар, әр істе әділ болып, парақорлыққа жол бермеу керектігін ұғынды.

–  “Достық” лагеріне демалуға жылда келіп тұрамын. Осы сайыстың маңызы зор. Бізге мамандар парақорлықтың кері тұстарын жіктеп, айтып берді”.

– Отрядымыз өкінішке орай, 2-ші орынға ғана қол жеткізді. Бірақ барлығы әділ өтті. Көңіліміз бір серпіліп қалды.

Айту керек, агенттіктің жергілікті департаменті бұндай спорттық жарыстарды өзге демалыс орындарында да өткізуді жоспарлаған.

 

Бахыт Садвокасов