Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан ел біріншілігі өтті

Бүгін жазғы биатлоннан ұйымдастырылған ел біріншілігінің соңғы күн. Соған байланысты алаңда ақтық жарыстар өтуде. Ортада 2003-2004 жылы туылған балғындар эстафеталық сайыста мықтыны анықтап жатыр. Бұған дейін ересек балалар сынға түсті. Олардың жарыс қорытындысы белгілі.

Раис Хайрутдинов – жарыстың бас төрешісі:


–  2 күндік жарыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы алда келеді. Екінші сатыда СҚО. Үздік үштікті шығысқазақстандық жастар тұйықтап тұр. Қазір өтіп жатқан сайыстан соң барлық ұпайларды есептеп, жеңімпазды анықтайтын боламыз. Біріншілік жоғары деңгейде өтіп жатыр деп сеніммен айта аламын.

15-14 жастағы биатлоншылардың бәсекесі тартысты өтті. Жарыс ережесі бойынша ұлдар 1,5 шақырымды еңсеріп, 50 метрдегі нысанды пневматикалық мылтықпен атуы тиіс. Ал, бұрымдылар 1 км жүгіріп, мергендіктерін сынға салды. Спортшылармен қатар жаттықтырушылар да барларын салды. Олар жеткіншектерге дымдары қалмай ақыл-кеңестерін беріп жатыр.

Көп кешікпей жарыс аяқталды. Кезек марапаттау рәсіміне келді. Алдымен спринтерлік және жеке сында үздік атанғандар анықталды. Қос сайыста да 2003-2004 жылы туылған қыздар арасында қарағандылық Адима Қуанышбековаға тең келер ешкім табылмады. Жеткіншек дода кезінде ешқандай қателікке бой алдырмай, чемпион атаныпты.

Адима Қуанышбекова – жарыс жеңімпазы, Қарағанды қаласы:


–  Көп жаттығу жасадық. Ату кезіндегі шеберлікті шыңдадық. Соның нәтижесінде мүлт кетпей жеңімпаз атанып отырм.

Кейін, командалық сайыс жеңімпаздары анықталды. Сонымен,
біріншілік қорытындысы бойынша жалпы құрамалық есепте үшінші орынды ШҚО, екінші орынды теріскейлік жасөспірімдер иеленді. Ал, Ақмола өңірінің биатлоншылары чемпион атанды.


 

Байболат Бектемірұлы