Мәдениет

Облыс орталығында Әбдірахман Көшерұлы Айсариннің шығармашылығына арналған кеш өтті

Әбдірахман Айсарин – қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған қаламгерлердің бірі. Жазушы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Шоға ауылында дүниеге келген. Дарын иесі жазып қалдырған шығармалардың мәні тереңде жатыр. Ол көбіне туған жер және өмір туралы қалам тербеген.

Айнагүл Секренова – С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашысы:

– Бұл кешке әдебиет сүйер жандар, зиялы қауым және жазушының туысқандары келген. Жиылғандарды дарынды тұлғаның еңбектерімен тереңірек таныстырмақпыз. Публицисттің жалғыз басылып шыққан кітабы жойылып кеткен. Енді, біз жазушының барлық мақалаларын жинақтап, бір оқулық ретінде басып шығармақпыз.

Біртуар тұлға қызмет жолын оқушыларға білім беруден бастайды. Кейін, дарынды азамат журналистикаға бет бұрады. Осылайша, оның еңбектері “Ұшқын”, “Еңбек туы” газеттерінің бетінде басылып шығады. Бірақ, 1938 жылы жазушыны Алаш Орда партиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде Карлагқа тұтқындайды.
Ақиық жазушыны еске алу кешіне қаламы ұшқыр азаматтың туысқаны Орынбасар Көшерова да келді. Нәзікжанды іс-шараны ұйымдастырушыларға дән риза.

Орынбасар Көшерова – Әбдірахман Айсариннің інісі Ысқақ Көшерұлының келіні:


–  Атамыздың еңбегін бағалап, оның 120 жылдығына орай ұйымдастырылған әдеби кеш үшін шын жүректен алғыс
білдіремін.

Бүгінгі жиынға ат салысқандардың бірі қаламгердің шығармашылық жолын баяндаса, басқалары оның қиын тағдырын сөз етті. Жерлесімізден мұра болып қалған шығармаларды жастар сүйіп оқиды. Осындай оқырманы барда, оның асыл сөзі өшпесі анық.

Альмира Жетписбай