МТРА жаңалықтары

Мемлекет басшысы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға қол қойды

Қазіргі күні елімізде 4500 мыңнан астам адвокат бар. Бір қорғаушының үлесіне 4 мың адамнан келеді. Бұл республикада мамандардың аз екендігін көрсетеді.

Ирина Сактанова – СҚО бойынша Әділет департаменті түсіндіру жұмыстары және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы:


–  Шет мемлекеттерде бір адвокатқа 250-1000 адамнан келеді. Осыдан-ақ, қазақстандық мамандарға түсетін ауыртпалықты бағамдай беруге болады. Жалпы қорғаушы болу үшін азамат жоғарғы білімді, адвокаттар алқасында 6 айдан 1 жылға дейін тағылымдамадан, аттестаттау сатысынан өткен болуы керек. Және мүшелікке кіру жарнапұлын төлеуі тиіс. Ал, тағылымдамадан өту ақысы жылына 140 мың теңгеден 280 мың-ға дейін белгіленген. Алғашқы жарнапұл өңірлерге байланысты, 700 бен 800 мың теңге аралығында. Яғни, бір адамға орта есеппен 1 млн теңге қаржы қажет.

Ал мұндай қаржы әрине оқу бітіріп, қызметін енді бастаған жас маманда жоқ. Сондықтан олар өзге қызметке ауысып кетеді, не жай ғана заңгерлік кеңес беруге мәжбүр. Жаңа заң жобасы енсе, қыруар қаржыны талап ететін жарна мүлдем алынып тасталмақ. Бұл адвокаттардың санын арттыруға септеседі. Құжаттағы тағы бір жаңашылдық, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына тегін заңнамалық көмегін көрсету мүмкіндігі.

Ирина Сактанова – СҚО бойынша Әділет департаменті түсіндіру жұмыстары және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы:


– Тегін көмек алатын адамдар категрориясы анықталды. Ол ҰОС ардагерлері, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер. Бір сөзбен айтқанда, заңгерлік көмекке мұқтаж жандар басынан аяғына дейін адвокаттың көмегін тегін алатын болады. Бірақ қорғаушы істі ала ма жоқ па оны өзі шешеді. Десе де, бұл жас мамандарға тәжірбие жинауға мүмкіндік береді. Тағы енгізілетін жаңашылдықтардың бірі Е-адвокатура базасы енгізіледі. Бұл электронды жүйеде барлық қорғаушылар жұмыс істей алады.

Жаңа құжат заң кеңесшілерінің қызметін де реттемек. Өйткені, қазіргі таңда олардың жұмысы нақты бір заңға бағынбайды.

Мағжан Ахмадина