Аптадағы маңызды жаңалықтар

Айыртау ауданындағы Елецкое ауылында 500 бас тауық қырылған

Қазір Валентина Байрамованың ауласында күркетуықтар ғана қыдырып жүр. Бұған дейін нәзікжандының қорасы тауықтарға да толы болған. Барлығы 100-ден асатын. Алайда, жылдар бойы жинап, баптаған құстары бірнеше айдың ішінде арам өліп қалған. Бәрін індет қырып тастаса керек.

Валентина Байрамова – Елецкое ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Тауықтарым мамыр айынан өле бастады. Басында мән бермеген едік, солай жүргенде маусымға дейін құстарымнан айырылып қалдым. Бәрін жағып жібердік. Енді етсіз, жұмыртқасыз отырмыз. Азықты қаладағы балаларыма жіберетінмін, артылса саудаға қоюшы едім. Қазіргі күніміз осы. Бәрін сатып алып отырмын.

Індет – Ньюкасл ауруы деп аталады. Дерттің бұл түрі тек тауықтарға ғана тән. Мамыр айынан бері аталмыш аурудан Айыртау ауданына қарасты Елецкое ауылының тұрғындары баптап отырған құстардың 500 басы арам өлген. Аурудың қайдан шыққаны белгісіз, алайда мамандар індетінің ауладағы қанаттыларға жабайы құстардан жұғуы ғажап емес дейді.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ньюкасл ауруының адам үшін еш зияны жоқ. Ауырған құстың етін де, жұмыртқасын да термиялық өңдеуден өткізіп, жей беруге болады. Жалпы дерт басқа тауықтарға жұмыртқа арқылы тарайды. Заң бойынша Ньюкасл ауруының кесірінен құстары қырылған азаматтарға өтемақы төлеу қарастырылмаған.

Шілденің 5-інен бері Елецкоеда қарантин жарияланған. Содан бері құстың жаппай қырылуы тоқтапты. Қазір ауыл бойынша арнайы эпизоотикалық отряд жұмыс істеуде. Олар тұрғындардың қора-қопсыларын тазартып, өңдеп жатыр. Тағы 1,5 мың құсқа дертке қарсы екпе жасалған. Көрші ауылдар да мамандардың жіті назарында. Десе де, өзге елді-мекендерде індеттің белең алуы әзірге байқалмайды.

Саят Ермек