Ауыл шаруашылығы

Якорь ауылында мал қырылып жатыр

Якорь селосында мал бір аптадан бері қырылып жатыр. Таңертең жайылымға аман-сау кететін мал кешке жүре алмай қалатын көрінеді.

Александр Романов – бақташы:


–  70 ірі қараны бағатынмын. Малда ауру белгілері байқалғандықтан, иелері олардың бірқатарын етке өткізіп жіберді. Қазір 58-і қалды. Оның өзін 2-3 күннен бері бақпай жүрмін. Өйткені, ветеринарлар зерттеу нәтижесі келгенше малды жайылымға шығаруға тыйым салды.

Қазір төрт түлік ауыл көшелерін кезіп жүр. 10 жылдан бері елді мекеннің малын бағып келген Александр Романов та қол қусырып бос отыр. Тек анда-санда үй-үйді аралап ауырып жатқан малдың жайын біліп қайтады.

Александр Романов – бақташы:


–  Кейбірі мал жатаған сарғалдағынан, енді біреулері судан уланды дейді. Бірақ ол жерде біздікілдерден бөлек өзге төрт түлік те жайылып жүреді ғой. Тіпті шаруашылықтың малы да сол жерде. Алайда олар аман-сау. Менің ойымша төрт түлік екпенің жасалмауынан қырылуда. Бізде бруцеллезге қарсы вакцина ғана қойылды. Қалған дерттерге қарсы ешбір алдын-алу жұмыстары жүргізілмейді.

Қорасындағы малымен күнелтіп отырған якорьлықтар осылайша, айналдырған бірнеше күнде аяққа тұра алмаған 12 қой мен 6 сиырды сойып, етке өткізген. Тағы ауырып жатқан мал бар. Белгісіз кеселден әсіресе, Соколовтар отбасы қызыл шығынға батқан. Олар 3 бірдей сиырын сойып, азын-аулақ қаржыға өткізіп жіберген. Қазір тағы 1 ірі қара шашпада жатыр. Оны мал дәрігерлері емдеп әлек. Бірақ тайынша әлі аяққа тұрмапты. Облыстық ветеринария басқармасындағылар мал улануы мүмкін деген болжамжарын жасауда.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Мамандар су мен жем-шөптен сынама алды. Оның қортындысы дайын. Мал азығынан ешқандай кесір келіп жатқан жоқ. Енді малдың қаны зерттеліп жатыр. Біз төрт түлік жатаған сарғалдағынан уланды деп болжап отырмыз. Ол осы маңайды көп өседі. Өсімдіктің уы әсіресе, жаңбырдан кейін көптеп бөлінеді. Барлық клиникалық белгілер осыған әкеліп отыр.

Ал Архангелка селосында бруцеллез дерті өршіп тұр. Мұнда 26 тұрғының малы қырылыпты.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 


–  Ауыл малына бруцеллез «Ер Агро» серіктестігінің төрт түлігінен жұқты. Кәсіпорын басшылығына осы себепті 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондықтан елді-мекен тұрғындарына сүтті қайнатып пайдалануды ескертеміз. Алдағы уақытта ауылдағы төрт түлік әр 15-20 күн сайын тексеріліп отырады. Ауру мал анықталатын болса, ол жойылады. Аудандық бюджеттен шығынның 30 пайызын өтеуге қаржы қарастырылған. Қалғанын етті өңдеуші кәсіпорындарға тапсыру арқылы қайтаруға болады.

Ауыл малына ауру таратқан «Ер Агро» серіктестігінің өзінде 60 бас мал бар. Алда олар түгел жойылмақ. Өйткені малдың барлығынан бруцеллез анықталыпты.

Мағжан Ахмадина