МТРА жаңалықтары

Сергеевка қаласында 18 пәтерлік екі баспана тұрғызылуда

Екі қабатты үй 18 пәтерге шақталған. Олардың 6-уы бір бөлмелі, ал 12-сі екі бөлмелі болмақ. Қос баспана Сергеевка қаласына кіре берісте бой көтеріп жатыр. Жоспар бойынша бұл тұрғын үйлер 2019-дың аяғында қолданысқа берілуі тиіс. Алайда, жергілікті шенділер үрдісті біраз жеделдетуді шешкен.

Шарап Сәдуақасов – Шал ақын аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:


– Жоспар бойынша біз екі үйдің қабырғаларын көтеріп қана қою керекпіз. Бірақ, аудан әкімінің тапсырмасына сай қараша айына дейін бір баспананы тапсырамыз. 423 млн теңге бөлінді, оның 23 млн былтыр игерсек, 200 млн биыл игеруіміз тиіс.

Яғни, бір баспана биылғы күзде, ал екіншісі келесі жылы тапсырылмақ. Қоғамның әлжуаз топтары, бюджеттік мекемелердің жұмысшылары және мемлекеттік қызметшілер – қазір Шал ақын бойынша барлығы 216 адам баспана кезегінде тұр. Енді олардың бір бөлігі осы тұрғын үйдегі пәтерлерге үміт арта алады. Құрылысты петропавлдық “Заңғар ЛТД” серіктестігі жүргізуде. 25 құрылысшы мен 4 бірлік техника әзірге жоспардан алда келеді.

Балғат Дүйсен – “Заңғар LTD” ЖШС өндірістік технологиялар бөлімінің басшысы:

– Қазір қабырғалары көтеріліп жатыр, кейін терезелер мен есіктерді орнатуды бастаймыз. Үлгереміз деген ойдамыз.

Бұл тек бастамасы ғана. Жалпы жергілікті әкімшілік аудан орталығы Сергеевка қаласын абаттандыру жұмыстарын мықтап қолға алған. Бүгінге дейін 8 көшеге жарық бағандары орнатылыпты. Бұдан бөлек орталық бойынша қаулап өсіп кеткен шөп пен қамысты кесу жұмыстары да басталып кеткен. Жол жөндеу үрдісі де назардан тыс қалмапты.

Науқан Таласбаев – Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:


– 40 млн теңге 8 шақырымдық орталық көшені жөндеуге бөлінді, тағы қаржы шұңқырларды жамауға да берілді. Ал 3 млн теңге асфальті жоқ көшелерге қиыршық тас төсеуге бөлінді.

Су бұрқағы бар мына аллея да жөндеу мен күтім көрмей жетімсіреп 2 жыл тұрған екен. Алайда, жергілікті кәсіпкер қалтасынан 200 мың теңге шығарып, саяжолды қалпына келтірген. Ал, Елордасының 20-жылдығына орай соғылған мына “Астана” саябағында бәйтеректің 7 метрлік көшірмесі мен оннан астам орындық пайда болған. Болашақта осы маңнан балалар алаңқайы да салынады.

Саят Ермек