Денсаулық сақтау

Өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Минингокок инфекциясы ел аумағында осыдан екі ай бұрын тіркелген болатын. Жұқпалы аурудың салдарынан 10-нан астам қазақстандық көз жұмды. СҚ облысында ауруханаларға минингит сырқатының белгілерімен 53 адам көмекке жүгінген. Абырой болғанда, бірде-біреуінде бұл диагноз расталмады. Мамандардың сөзінше, қазір кеселден қауіп жоқ. Ал, белең алған инфекциялардың басым бөлігі ішек ауруларына тиесілі. Мәселен, жыл басынан 329 жерлесіміз осындай вирусты жұқтырған. Сырқаттанғандардың дені – балалар екен.

Серікбай Қасмақасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Бұндай аурулар әсіресе, көктем айларында жиі тіркеледі. Белгілі болған фактілердің 117-і ауыз қуысы вирусынан туындағаны анықталды. Әдетте, мұндай ауруға 5 жасқа дейінгі балалар шалдығады. Ал, жазғы уақытта біз жаңа піскен көкеніс, жидектер мен жемісті бақылауда ұстаймыз. Себебі, олардың жылдам өсуі үшін нитрат, нитрит пен азот қышқылдары шамадан тыс қолданылуы мүмкін. Мұндай тыңайтқыштардың адам ағзасы үшін тигізер зияны көп.

Бау-бақша өнімдерін тексеру бойынша фитосанитария 1444, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 820 рет сараптама жүргізген. Әзірге, жеміс-жидектерде нитраттарды шектен асырып қолдану фактілері тіркемелмепті. Дегенмен, мамандар тауарды таңдауда сақ болу керектігін ескертеді. Бұған қоса, далада заңсыз түрде сатылатын азық-түлік өнімдердің де сапасына мән беру қажет. Қыстың қамын жаз ойла демекші, қазір мамандар салқын ауа райында белең алатын инфекциялардың алдын-алу шараларын бастап кеткен.

Серікбай Қасмақасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

 

– Біз тұмауға қарсы вакциналарды қазірден бастап сатып алудамыз. Алайда, тұрғындар түрлі ауруларға қарсы жоспарлы дәрі егуден бас тартып жатады. Бұның салдарынан, екпе алмағандар қызылша, сіреспе сынды қауіпті дерттерге шалдығуы мүмкін. Сондай-ақ, балаларына да екпе салуға келісім бермейді. Мәселен, жыл басынан 271 жерлесіміз екпе жасатудан бас тартқан.

Жалпы өңір бойынша алғашқы жартыжылдықтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болған. Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті барлығы 99 инфекцияның өршіп кетпеуін бақылауда ұстауда. Мамандардың сөзінше, оның 62-сі бастапқы алты ай ішінде мүлдем тіркелмеген.

Эльмира Садвокасова