Қоғам

Қоғамдық қабылдаудың жарты жылдық жұмысы қорытындыланды

Жұмыспен қамту, баспана, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік мәселелер. Бүгінде екінің бірі осы салалардағы проблемалармен соқтығысады. Оларды шешу бір апта, бір ай емес, жылдарға созылуы мүмкін. Сұрақтарына жауап табу үшін жерлестеріміздің бірқатары Нұр Отан партиясының қоғамдық қабылдауына келеді екен. Аптасына 5 рет мұнда мамандар теріскейліктердің мұңын тыңдап, қол ұшын созуға тырысады. Мәселен, жыл басынан бері нұротандықтарға облыс бойынша 1317 өтініш келіп түссе, соның 478 оң шешімін тапқан.

Рүстем Әлібеков – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

– Келіп түскен өтініштердің 278-і әлеуметтік, 171-і жұмыспен қамту, 75-і денсаулықты сақтау, 88-і білім беру, 82-і бизнес пен кәсіпкерік саласына байланысты. Қабылдауға келетіндердің дені – Петропавл қаласының тұрғындары. Жалпы, әрбір адамның мәселесі жан-жақты қаралып, тиісті органдарга жеткізіледі.

Облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары және депутаттар барлығы 820 қабылдау өткізіпті. Олардың барысында 1128 адам өз базынасын арқалап келген. Солардың бірі Ұлбазар Аралбаева. Биыл «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжін тәмамдаған нәзікжандыны қызметке тұру мәселесі алаңдатқан.

Ұлбазар Аралбаева – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі:

 

– Мен колледжді бітірген соң, Нұр Отан партиясының қоғамдық қабылдауына келдім. Мамандар мені жұмыспен қамту орталығына жіберді. Қазір “жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша Нұр Отан партиясында кеңесші болып қызмет етемін.

Ұлбазар Аралбаева 6 ай тәлімдемеден өткен соң, осы саладағы жұмысын одан әрі жалғастырмақ ниетте.

Эльмира Садвокасова