Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан ел біріншілігі басталды

Жазғы биатлоннан республикалық жарысқа қатысушылардың қатары қалың. Ең алдымен, еліміздің жер-жерінен келген 220-дан артық биатлоншы салтанатты шараға қатысты.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


–  Бұрын соңды өңірімізде ұйымдастырған жарыстарда спортшылардың осындай рекорттық саны жиылмаған еді. Бұл қуантарлық жағдай. Біздің елде спортпен шұғылдану үшін барлық мүмкіндіктер бар. Елбасы айтқандай, спорт – бұл физикалық тұрғыдағы даму ғана емес, сонымен қатар рухани азық.

Алғашқылардың бірі болып жарыс жолына 1999-2000 жылғы ұлдар шықты. Ер балалар бүгінгі спринтерлік жүгірісте 4 шақырымды бағындырады. Сондай-ақ, сайыс барысында биатлоншылар жерде жатып және жүгіріп келіп нысананы тік тұрған бойы көздеулері тиіс. 111-ші нөмірлі шығысқазақстандық Елжан Берікұлы бұл бәсекеге мықтап дайындалып келген көрінеді.

Елжан Берікұлы – жарысқа қатысушы, ҚР биатлоннан спорт шебері, ШҚО:

– Мен осы биатлон спортымен 5 жыл шұғылданып жүрмін. Дайындық жақсы деп ойлаймын. Жетістіктерім де жетерлік. Азия чемпионатында жүлделі орырға ие болып, ҚР спорт шебері дәрежесін алдым. Облыстық және республикалық додаларда әр қашан үздік үштіктен көрініп жүрмін.

Дегенмен, ең үздік көрсеткішке Қарағанды облысының спортшысы Владислав Кереев қол жеткізіп, жарысты бірінші болып аяқтады. Ал, оның соңынан солтүстікқазақстандық Данияр Боранбаев ілесіп келді.

Данияр Боранбаев – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:


–  4 шақырымды 17 минут 32 секундта жүгіріп өттім. Былтырғы жылы да жазғы биатлоннан ел біріншілігінде Владиславқа есе жіберіп алған едім. Енді, басқа кезеңдерде күшімді жинақтап, алға суырылып шығуға барымды саламын. Ал алдағы уақытта жаттығуларымды күшейтіп, биатлоннан ел құрамысының сапына кіргім келеді.

Осы жарыста Данияр Боранбаев секілді, 50-ден астам теріскейлік спортшы өңір намысын қорғауда. Сайыстың келесі кезеңдерінде биатлоншы ұл-қыздар командалық және аралас бәсекеде өзара мықтыны анықтайды. Мұнда қатысушыларға жылдамдықпен қатар, асқан дәлдік қажет.

Елена Хрусталева – ҚР биатлоншылар одағы федерациясының вице-президенті, биатлоннан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:


–  Бізде мұнда бәрін уақыт шешеді. Сонымен қатар, төрешілер қатысушылардың мәреге қашан жетіп, жарыс жолында ешқандай олқылықтар жасамағандығын бақылайды. Биатлоншылар мылтықты да дұрыстап ұстап, қателіктер жібермеуі керек.

Жалпы, теріскей жерінде өтіп жатқан республикалық чемпионат 18 шілдеге дейін жалғаспақ. Оның қорытындысына сәйкес, жеңіс тұғырынан көрінген жандар кубок, медаль және грамотамен марапатталады.

Тогжан Акмагамбетова