Қоғам

Екі шалақындық агроқұрылым өз жұмысшыларын баспанамен қамтуда

Бұл баспаналарды жергілікті “Гермес Агро” ЖШС мен “Окунев” шаруа қожалығы өз жұмысшылары үшін салып жатыр. Серіктестікке де, қожалыққа да Окуневтер жанұясы басшылық етеді. Былтыр кәсіпкерлер Мерген ауылында осындай 4 баспана тұрғызса, биыл 5-інің қабырғасын көтеріп жатыр. Жыл аяғына дейін олардың да іші жанға толады. Окуневтерге тиесілі қос агроқұрылым мал және егін шаруашылығымен айналысады. Мұнда барлығы 50 азамат еңбек етеді. Басым бөлігі осы ауылдың тұрғындары. Тек тегін әрі су жаңа баспанаға қоныстанатын жұмысшылар арнайы критерийлер бойынша іріктелген.

Виктор Окунев – “Окунев” шаруа қожалығының басшысы:


– Бұл үйлерді шаруашылықта бірнеше жыл адал еңбек еткен жандарға береміз. Сондай-ақ бірнеше отбасы мүшесі біздің қарамағымызда жұмыс істеп жатса, олар да бұл үйлерден үміттене алады. Ешқандай жалға алу ақысын төлеудің қажеті жоқ, бәрі тегін. Егер еңбеккер біздің агроқұрылымнан зейнетке шықса, не кенет ауырып қалса, баспананы сыйға береміз. Ал жұмыстан шығып кетсе, қайтарып аламыз.

Бұл – бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі. Жер үйлердің іші-сырты бүтін, тағы жарық, жылу, ал аулаға су тартылған. Жанұясы үлкен немесе басқа елді-мекендерден келіп-кетіп жүрген ауыл еңбеккерлері де бар. Әсіресе олар үшін бұл үлкен сыйлық болмақ.

Амангелді Аманжолов – “Гермес-Агро” ЖШС механизаторы:


– Сергеевкада тұрамын. Күнде осында жұмысқа келемін. 3 жыл болды осында жүргеніме. Жұмыс жақсы, жалақы уақытылы, ауылдық жерге жетеді.

Бұған дейін серіктестік пен шаруа қожалығы ауылдың орталық көшесін өз қаражатына жарықтандырған, ал алдағы уақытта елді-мекенге орталықтандырылған су құбырын тартпақшы. Бұдан бөлек осымен 2-ші жыл Мергенде ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Оның құрамына 65 отбасы кіреді. 10 жанұя биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша әрқайсысы 1,5 мен 2 млн теңге аралығында несие рәсімдеген. Қаражатқа сауын сиырларын алыпты. Осылайша, ауылдықтар ақты өткізіп, ақша табады.

Максим Тимофеев – “Мерген Б.К.” АШК төрағасы:

 


– Ауыл тұрғындарынан сүттің бір литрін 85 теңгеден жинаймыз. Оны 95 теңгеден Петропавлға, Маслодел зауытына жөнелтеміз. Күнде таңартең қаладан арнайы көлік келіп тұрады. Тәулігіне шамамен 4 тонна ақ жібереміз.

Сүт қана емес, кооператив тұрғындардан ет те қабылдайды. Ал көрші үйде шағын цех жұмыс істейді. Ол төраға Максим Тимофеевке тиесілі. Мұнда жасалатын жартылай фабрикаттар Шал ақын және бірқатар көршілес аудандарда саудаланады. Айта кетейік, Мерген ауылында бүгінде 495 адам тұрады. Олардың 75 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Саят Ермек