Спорт

Теріскейлік “Қызыл – Жар СҚ” жастар командасы шығысқазақстандық “Алтаймен” кездесті

Төрешінің ысқырығы шалынып, ойын басталып кетті. Жасыл алаңда теріскейлік “Қызыл- Жар СҚ” және шығысқазақстандық “Алтайдың” жастар құрамалары. Қос команданың кездесуі алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Екіжақты шабуылдар жиіледі. Дегенмен, алғашқы таймның ортасында көгілдір форма киген мейман Владимир Гончаренко бірінші болып есеп ашты.

Осы сәттен соң, ақ киімдегі жергілікті аяқ доп шеберлері бар күш жігерлерін жинап, “Алтай” құрамасының қақпасын шабуылдауға көшті. Дей тұрғанмен, қарсылас футболшы Роман Будниченко 35 минутта жерлестерімізден айласын асырып, тағы бір гол соқты. Осылайша, таблодағы есеп 0-2 ге өзгерді. Бірінші ойынның соңына дейін солтүстікқазақстандықтар қанша тырысып баққанмен, қарсыласының қақпасын ала алмады. Осыған қарамастан жанкүйерлер жерлестерімізді қолдап отырды.

– Біздің футболшылар екінші таймда жеңіске жетеді. Өйткені, жерлес команда өте мықты.


– Енді біз футболдан білгіш емеспіз. Бірақ та, менің ойымша біздікілер не тең түседі немесе жеңілке жетеді.

– Тең ойын болады деп ойлаймын. Жігіттеріміз жақсы ойнап жатыр.

Міне, екінші тайм да басталып кетті. Бұл ойынның басында жерлес құрамының ойыншысы Әділ Иманов қырағылық танытты. Қарсыластардан суырылып алға шыққан 88-ші нөмірлі жерлесіміз қарсылас қақпаға көптен күткен допты дарыта
алды.

Есеп 1:2. Дегенмен, 45 минуттық ойын аяқталғанша теріскейліктер бұл есепті өзгерте алмады.

Әділ Иманов – “Қызыл – Жар СҚ” жастар құрамасының ойыншысы:


– Бірінші таймда жұмыла ойнауымыз керек еді. Бірақ, қақпаға 2 допты кіргізіп алдық. Осыдан кейін, жаттықтырушымыз бізге түрлі ақыл-кеңестерін берді. Келесі ойында қарсыластарымызға тойтарыс бердік.

Айта кету керек, “Қызыл – Жар СҚ” жастар құрамасы осы матчтан кейін ойын кестесінде 17-орынға жайғасты. Келесі ойын “Қарасай” стадионында шілденің 14-і өтеді. Бұл жолы жергілікті жастар павлодарлық “Ертіспен” кездеседі.

Тогжан Акмагамбетова