Әр түрлі

Шал ақын ауданында коворкинг орталық ашылды

100 шақты жеткіншек білім алатын Ақанбарақ орта мектебіндегі шағын мұражай наурыздың 14-інде ашылған. “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласына негізделіп жасақталған музейде қазірдің өзінде мыңнан астам экспонат бар. Оларды жергілікті тұрғындар ауыл болып жинапты.

 

Динара Дүкенбаева – Ақанбарақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Шал ақын ауданы:

– Ауыл тарихы, аудан тарихы көрсетілген. Соғысқа арналған бөлім бар. Сондай-ақ ауыл тұрғындары көне ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар мен құжаттарды берді.

Мұндағы ең көне жәдігер – 13 ғасырлық ер-тоқымның бөлшегі. Ол таза күмістен жасалған. Бұл құнды зат осыдан бірнеше жыл бұрын ауданда жүргізілген қазба жұмыстарының барысында табылыпты. Тағы бір қызықты жәдігер – мына туу туралы куәлік. Ол латынша толтырылған екен.
Ал бұл – Сергеевкадағы Шал ақын аудандық орталық кітапхана жүйесі. Маусымның 29-нан бері бұрынғы оқырман залы қазір заманауи коворкинг орталық ретінде жұмыс істеп тұр. Дәл осындай орталық Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхана базасында да бар. 5 компьютер, теледидар, үстел ойындары мен кітаптар, шай-кофе. Жұмыс істеймін, не уақытын қызықты өткіземін дейтін шалақындықтарға есік айқара ашық.

Мұрат Мырзажан:

– Бірінші рет келіп отырмыз. Интернет тегін, компьютер бар, үстел ойындарын ойнадық. Өзімізге қызықты, қажетті ақпараттарды алдық.

Қарым-қатынас, кино, жұмыс және демалыс – шағын ғана зал 4 секторға бөлінген. Тағы орталықта жылдамдығы жоғары интернет те, қажетті құжаттарды басып шығаратын принтер де бар. Заман игіліктерімен жабдықталған бұл мекенді ашуға да Елбасының бағдарламалық мақаласы негіз болған.

Саят Ермек