Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдың бірқатар көпқабатты үйлерінде су жоқ

Петропавлда жыл сайын жазғы уақытта жылу құбырларына жөндеу жүргізіледі. Осының салдарынан шаһардағы ондаған көпқабатты үйдің тұрғындары ыстық судан қағылады. Мұндай сәтте жерлестеріміз істің аяқталғанын күтуге мәжбүр. Бірақ, көп жағдайда жоспарланған шаруа белгіленген мерзімде бітпей жатады. Мәселен, мына Батыр баян көшесіндегі жұмыс маусым айында өз мәресіне жетуі тиіс еді. Алайда қауыр тірлік әлі де жалғасуда.

Наталья Новикова – “Лесной” ПИК төрайымы:

– Бастапқыда бізге маусымның 27-іне дейін су болмайды деді. Тұрғындар сол уақытты асыға күтті. Аталған күн келіп еді, тіршілік көзі үйімізге жетпеді. Біз жылу желілері мекемесіне телефон шалып сұрап едік, жөндеу жұмыстары 16-шы шілдеге дейін жалғасатынын айтты. Енді, сол күнді күтіп отырмыз.

Қазіргі күні Мир көшесінің тұрғындары да осындай халді кешіп отыр. Олардың да үйлерінде су жоқ. Бұл ретте теріскейліктер жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан жұмысшыларға наразылықтарын білдірді.

– Жұмысшылар таңғы 10 келеді де 4-те кетеді. Алдында екі күн демалдық, жақында мереке болды, онда да 3 күн демалдық. Мұндай жұмысты демалыссыз жүргізу керек қой. Ал, бұлардың ісі созылып кетті.

– Мен жөндеу жүргізіп жатқан мамандарға барып, мән-жайды сұрадым. Сонда олар істі жүргізуге техника бермей жатқандығын алға тартты. Айтуларынша, мұнда көліктер жұмыс күнінің соңында ғана 1 сағатқа келеді екен.

Петропавл жылу желілері серіктестігінің басшылығы бұл аумақтағы шаруаны шілденің 13-не дейін тәмамдаймыз деп уәде беріп отыр. Ал жалпы, Петропавл бойынша мұндай жөндеу жұмыстары тағы 10 аумақта жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше, мұнда да қалалықтар ыстық сусыз отыр.

Виталий Холоша – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженерінің орынбасары:


– Жөндеу жұмыстары мерзімінің ұзартылуы – шаруаның ауқымына тікелей байланысты. Алдымен серіктестік аумақтағы желіде күрделі жөндеу жүргізеді, кейін гидравликалық тексерістер мен жуып-шаю шаруасы атқарылады. Егер желі гидравликалық сында сыр берсе, апаттық топ зақымданған жерді қайта жөндейді. Бұл үрдіс жылу құбырлары толығымен жұмысқа жарамды деп танылмайынша жалғаса береді.

Ыстық су қашанға дейін болмайды? Бұл сұрақтың жауабын кез-келген қала тұрғыны жылу желілерінің ресми сайтынан немесе серіктестіктің Фейсбуктағы парақшасынан ала алады. Онда шағымдар мен ұсыныстарды жеткізуге арналған телефон нөмірі де жазылған.

Байболат Култанов