Әр түрлі

Петропавлда крест шеруі өтті

Петр мен Павел шіркеуінің маңына таң атысымен жүздеген теріскейлік жиылуда. 40 күн ауыз бекітіп, рухани тазарған христиандар құдайға құлшылық етуге келіпті. Енді жұртшылық апостолдар соборынан бастау алатын шеруге қатыспақ ниетте.

Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысқан шеру қала көшелерінің бойымен өтті. Жолшыбай шіркеу қызметкерлері шаһар даңғылдары мен жол жөнекей кездескен тұрғындарды сумен аластады. Кейін теріскейліктер Н.Погодин атындағы орыс драма театрына бет бұрды. Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін дәл осы жерде шіркеу болған екен. Сондықтан, жыл сайын дәстүрлі түрде православ сеніміндегі христиандар театр алаңына келеді.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Құрметті теріскейліктер, сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Біздің қаламыз әулие Петр мен Павелдің құрметіне тұрғызылған. Сондықтан, жыл сайын апостолдардың рухына тағзым ету – біздің парызымыз.

Ксения Руженская шеруге жұбайы және 2 ұлымен қосылған. Отбасы жыл сайын дәстүрлі шарадан шет қалмауға тырысамыз дейді.

Ксения Руженская – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бүгінгі шеруге екі ұлымызды ертіп келдік. Олар шараға өткен жылдары да қатысқан еді. Себебі, олар өздерінің туған қалаларына кімнің есімі берілгені жайлы білулері қажет. Бұндай тарихи оқиғалар туралы бүлдіршіндерімізге кішкентайынан айтқан дұрыс.

Шеру Петропавл бекінісінің қаланған жерінде, әулиелердің рухына тағзым етумен аяқталды.

Эльмира Садвокасова