Қоғам

Петропавл жайлы қызықты фактілер сөз болды

Шаһарымыздың біртуар тұлғалары. Облыстық ҚХА ұйымдастырған бұл конференцияда Петропавл бекінісі құрылғалы бері оның дамып, алға басуына сүбелі үлес қосқан жандар еске алынды. Солардың бірі – жерлес өлкетанушы Михаил Бенюх. Бұл жан теріскей тарихынан сыр шертетін құнды материалдар жинап, шетелдік ғалымдармен қоян қолтық жұмыс жасаған. Өлкетанушының ерен еңбегін залда отырғандарға оның шәкірті Александр Чухно баяндап берді.

Александр Чухно – тарих ғылымдарының кандидаты:

– Михаил Бенюх өлке тарихын бізге ертегі түрінде айтып беретін. Біз қызыға тыңдайтынбыз. Петропавл бекініс болып құрылған жерге жиі апарып, ненің қалай болғанын егжей-тегжейлі түсіндіруші еді. Өз ісіне, тарихқа берілген жан болатын, өлкетану саласының нағыз майталманы еді.

Отырыста өңірдегі әдебиет пен театр өнерінің дамуы, шаһардың көне ғимараттарының тарихы, тіпті климатының өзгеруі де талқыланды. Соңғы тақырыпты СҚМУ профессоры, физик Андрей Солодовник өз баяндамасына арқау еткен. Ғалымның сөзінше, осыдан 266 жыл бұрын Петропавлдағы ауа-райы қазіргіге қарағанда қыңырлау болған. Жаздар аптап ыстық, ал қыс аязды болса керек. Алайда уақыт өте келе климат біраз жұмсарған, түсетін жауын шашын мөлшері, керісінше ұлғайыпты.

Андрей Солодовник – М. Қозыбаев атындағф СҚМУ профессоры:

– Зерттеу барысында 19 ғасырда бекініс климаты жайлы жазылған кітаптарды қолдандым. Ең көнесі 1864 жылы жарық көрген. Мұнда сол кездегі ауа-райы, жауын шашын мөлшері жайлы ақпараттар бар. Қазір Солтүстік мұзды мұхит суы жылынып жатыр. Сондықтан бұрынғыдай 30-40 градустық сарышұнақ аяздар болмайды. Енді Петропавлдың климаты Батыс Қазақстандікіне ұқсас – континенталды болып келеді.

Конференция барысында барлығы 13 баяндама оқылды. Бұдан бөлек, жергілікті өнерпаздар Петропавлға арнаған әндерін айтып, өлеңдерін оқыды.

Саят Ермек