Құқық қорғау органдары

Петропавл қалалық ІІБ релаксация бөлмесі ашылды

Мұнда полиция қызметкерлері жайлы-жұмсақ төсекке жайғасып, көздерін жұмып, тыныштандыратын әсем әуенді, табиғатта кездесетін бейнелі дыбыстарды тыңдауда. Өзге тәртіп сақшылары массаж жасауға арналған белбеуді тағып, денесін жаза алады. Енді бірі, психологпен әңгімелеседі. Бүгін осындай сеансты алып шыққан жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы Алмас Еркешовтың жан-тәні тынығып, көңіл-күйі біраз көтеріліп қалған.

Алмас Еркешов – Петропавл қ. ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының кадр және кәсіби дайындық инспекторы:

– Осының ішінде неше түрлі жағдайлар жасалған. Соның бірі – массажер. Өте ыңғайлы дүние екен. Көңіл-күйді көтеріп, шаршағанды басады. Өзің еш нәрсе ойламасан серігіп қалады екенсін.

Тағы петропавлдық полицейлер үшін арнайы тренинг залы ашылды. Мұнда шаршаудан және бойдағы ауырлықтан құтылу үшін арнайы дайындалған мамандар тәртіп сақшыларымен психологиялық тренинг жүргізеді. Бөлме 25 жанға шақталыпты.

Жандос Мұқатов – Петропавл қалалық ІІБ бастығы:

– Біздің жұмысымыздың мақсаты – жеке құраммен жұмыс істеп, ол кісілердің қызмет ету нәтижесін көтеру. Өйткені, қазір өздеріңіз білесіздер полицейлер халықпен жұмыс істейді. Сол тұрғындармен жұмыс жасағанда біздің қызметкер психологиялық тұрғыда күйзеліске шыдау керек. Халықпен дұрыс жұмыс жасау керек.

Қазіргі таңда Петропавл қалалық ішкі істер басқармасында 800-ден астам тәртіп сақшысы қызмет етеді. Ендігі кезекте, қауырт шаруадан қолы босай қалған кез-келген полицей осы жерде тыныға алады.

Тогжан Акмагамбетова