Ауыл шаруашылығы

Облыста малға жем-азық даярланып жатыр

Мамлют ауданындағы “Мамбетов и К” командиттік серіктестігі шөп шабу науқанын 3 күн бұрын бастапты. Қазір агроқұрылымның қуатты техникасы жем-азық дақылдарын ору үстінде. Сондай шөп шабатын кешеннің бірін Валерий Черешко тізгіндеп жүр. Тәжірибелі механизатор бұл әмбебап машинаның жұмыс өнімділігі ескі тракторлардан қарағанда жоғары екендігін айтады. Кешен күніне 120-130 гектар алқаптағы пішенді жығуға қауқарлы.

Валерий Черешко – “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Тракторда жұмыс істеп жүргеніме 3-ші маусым болды. Әлі бір рет те сыр берген емес. Көңілді әуен тыңдап, жұмысыңды істесеңатқарсаң болғаны. Күн ыстықта желдеткіші де бар. Үздіксіз жұмыс істеуге болады. Түскі және кешкі тамақты әкелгенде ғана тоқтатып қойып, ауқаттанып аламын.

Командиттік серіктестік жыл сайын 1300 гектар аумаққа біржылдық және көпжылдық шөп отырғызып келеді. Биыл мұндағылар 15 мың тоннадай шөп жинауды межелеп отыр. Соның 7 мыңы серіктестік иелегіндегі ірі қараның күтіміне дайындалса, қалған 8 мыңы ауыл еңбеккерлеріне үлестіріледі.

Арыстан Жүнісов – “Мамбетов и К” атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

– 3 звеноға бөлдік. Өзімізге тапсырма қойғанбыз, күніне 320 гектар жығып, соны кептіріп, жинап алу мақсаты тұр. Сол шаруалар атқарылып отыр. Өздеріңіз көргендей мына жақта, роторлы косилка шауып жатса, мына жақта КСУ – жаңа техника. Мына жақта шөпті аударып, кептіру жұмыстары орындалуда. Күн салқын болды. Сондықтан көтерілмей біраз тұрды. Содан кейін жауын-шашын молынан болып, біршама көтеріліп қалды.

Ал тамыз айында жер емген шаруалар сүрленген мал азығын дайындауға білек сыбана кіріспекші. Жалпы үстіміздегі жылы Мамлют ауданының диқандары жем-азық дақылдарын оруды шілденің 3-нде бастап кеткен.

Ринат Қазантаев – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Үстіміздегі жылы малға қажетті жем-азық өсіруге 12 мың гектар жер қарастырылды. Нәтижесінде 38 мың тонна шөп, 13,7 тонна пішендеме мен 3 тоннадай сүрленген мал азығы дайындалады. Ауданда орақты ойдағыдай атқаруға түрлі модификациядағы 235 бірлік трактор жұмылдырылған.

Өстіп, мамлюттік шаруалар шөппен қамдану науқанын тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Бахыт Садвокасов