Мәдениет

Облыс орталығында “Песня без границ” халықаралық фестивалі өтті

Сахна шымылдығын ең жас әншілерден құралған түмендік “Мерей” қазақ әндерінің ансамблі ашты. Олар көңілді шығармалары және билерімен көрермендерді бірден баурап алды. Азиза Ауғанова осы “Мерей” ансамблінде 3-жылдай ән шырқап жүр. Бүгінгі фестивальге нәзікжанды “әкеге арнау” туындысын әзірлеген.

Азиза Ауғанова – байқауға қатысушы, “Мерей” ансамблі, Түмен қаласы:

– Атамның дүниеден өткеніне жақында бір жыл болады. “Әкеге арнау” әні атама арналады. Атам мені кішкентайымнан өсіріп, аялаған және ол менің алғашқы ұстазым. Петропавл қаласына мен осымен 5-ші рет келіп тұрмын. Ал, фестивальге 3-ші жыл қатарынан қатысып келемін.

Ал, омбылық “Наследие” вокалды триосы сахнада орыс, украин және казак халық әндерін құйқылжыта орындады. Бүгінгі шарада жерлестеріміз трионың орындауындағы украин халқының “Це моя земля” и “Сила птаха” туындыларын ұйып тыңдап, әртістердің өнеріне тамсанды. Фестиваль жарыс сипатында өтті. Шығармашылық бағдарламада әр ұжым танымал халық әндерін орындады.

Айым Мұқышева – “Қоғамдық келісім” КММ жетекші эксперті:

– Міне, 3-ші жыл қатарынан біз Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты паш ететін “Песня без границ” фестивалін өткізіп келеміз. Аталмыш іс-шара арқылы ұлттар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтпақшымыз.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Альмира Жетпісбай