Бизнес және экономика

Ауылы аралас, қойы қоралас өңірлердің әріптестігі

Солтүстік Қазақстан облысы құдайы көрші Ресеймен әуелден әріптестік қатынастар орнатқан. Уақыт артқан сайын қос тараптың арасындағы тауар айналымы да өсіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығындағы алыс-беріс көлемі 73,3 млрд долларды құрапты. Қыруар қаржының басым бөлігі Омбы өңірімен жасалған сауда-саттықтың үлесіне тиесілі.

Дархан Калиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Жыл басынан бері Омбы облысымен сауда байланыстарының 71% импортқа тиесілі, 29%-ында жергілікті тауарлар экспорталды. Біздің басты мақсатымыз – тауар айналымын, экспорт көлемін өсіру. Сол үшін осындай кездесу өткізіп отырмыз.

Бізге импорттан гөрі әлбетте экспорт маңызды. Тағы, ресейлік инвесторлардың өлкемізге қаржы құйғаны да арттық етпейді. Сол себепті, жиын барасында сөз алған кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы облысымызда шетелдік бизнесмендерге жасалған тиімді жағдайларды тілге тиек етті. Атап айтсақ, Құралай Жарова ісін бастаған өзге мемлекет азаматы салықтан босатылатындығын, субсидия мен гранттарға ие болатындығын мәлімдеді. Кездесуге келген омбылық бизнесмендер де өздері жайлы айттып өтті. Олардың арасында тың жобаларын таныстыруға ниеттілер баршылық.

Владимир Тиховский – “Внешторгресурс” ЖШҚ директоры, РФ:

– Қазіргі уақытта біз СҚО әкімдігімен тайғаққа қарсы әзірленген жоба жайында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз айнала мұз болған жағдайда шашатын арнайы заманауи материал жасап шығардық. Оның бірнеше тиімді тұстары бар. Алдымен, өнім экологияға айтарлықтай залал келтірмейді. Одан бөлек, аяқ киімді бүлдірмейді. Бастысы сапалы. Болашақта осы тауарды сіздерге саудалауды жоспарлап отырмыз.

Ал, Анатолий Ламбин басқаратын “ДиборЭкспорт” қоғамдастығы ауыл шаруашылығы техникасын шығарады. Азамат былтыр Қазақстанға 150 бірлік егін себу кешені мен қопсытқыш саудалапты. Тауардың жартысына жуығын жерлестеріміз сатып алған. Іскер жан бүгінгі кездесуден мол нәтиже күтеді. Ол осы жиыннан соң қазақстандық серіктестерінің артарына сенімді.

Анатолий Ламбин – “ДиборЭкспорт” ЖШҚ басқарушы, РФ:

– Өткен жылдың қазанында Астанаға республикалық жәрмеңкеге барып, өз өнімдерімізді таныстырдық. Сол жиыннан соң сатып алушы фермерлердің саны артты. Біздің техника тегеурінді. Мәселен, қопсытқыштарымыз 20-дан 45 см тереңдіктегі жерді өңдей алады. Сатып алған дүние бұзылып қалса, қосалқы бөлшектер жетерлік. Одан бөлек техника қарапайым жасалған. Оны кез-келген шаруа жөндей алады. Әрі бағасы да анағұрлым арзан.

Жиында жергілікті және омбылық кәсіпкерлерге өз істерін өркендетіп, әріптестік орнатуға тамаша мүмкіндік туды. Олар бір-бірлерімен көзбе-көз сөйлесіп, сауда-саттық жайын сұрастырды. Әсіресе, ресейлік “Электротехника және автоматика” зауытының өніміне қызыққандардың қатары қалың. Теріскейліктер аталған кәсіпорын шығаратын жарық шамдарын сатып алуды көздеп отыр.

Дамир Шамсутдинов – “ЗИКСТО” АҚ бөлім басшысы:

– Келер жылы зауыттың кейбір цехтарында жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлар қойдық. Іс барысында нысанның ішіндегі жарықшамдарын қуаттысына ауыстырамыз. Сондықтан омбылық өндіріс ошағының тауарларымен таныстым. Әлі де ойластыратын тұстары бар. Жақын арада нақты бір шешім қабылдап, әріптестік орнатамыз деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, кездесу соңында жанар-жағармай, құрылыс заттарын сатып алу жайы да сөз болды.

Байболат Култанов