Құқық қорғау органдары

Жыл басынан өңірімізде 1900 ұрлық фактісі тіркелген

 

Жаңа технологиялардың қарыштап дамуы адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, интернет-алаяқтық фактілерінің өршуіне де себепші болды. Мұндай заңбұзушылықтар өңірімізде де аз емес. Мәселен, жыл басынан 82 жерлесіміз ғаламтор қасакүнемдеріне алданып қалған. Біреулері арзан дүниеге қызықса, енді біреулері аңқаулықтарының кесірінен ақшаларынан айырылып жатады. Жалпы алаяқтардың басым бөлігі Қазақстанның өзге қалаларының, кейде басқа мемлекеттің тұрғындары болып шығады.

Петр Климов – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:


– Қылмыстың бұл түрі көбіне “Колеса”, “Оlх” және “Крыша” тегін хабарландыру сайттарында орын алған. Мұның негізгі себебі – қала тұрғындары хабарландырулардағы төмен бағамен сатылатын заттарға қызығып жатады. Көбінесе қасакүнемдердің арбауына орта жастағы адамдар түседі.

Сонымен қатар, жыл басынан 458 – пәтер, 325 – ұялы телефон және 26 мал ұрлығы тіркелген. Барымташылар көбіне жайылымдарда қараусыз жүрген малды айдап әкететін көрінеді.

Петр Климов – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Мал ұрлау оқиғаларының 18-і – жайылымдарда орын алған. Жалпы жыл басынан 187 үй жануары, 111 – жылқы, 59 ұсақ қара мал және 17 ірі қара мал ұрланған. Мұның алдын алу мақсатында біз ветеринария басқармасымен өзара тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ, “Шеп” стационарлық бекеттерде кезекшілік кестелері құрылды. Оған қоса, қылмысты ашу барысында біз жаңа технологияларды, яғни, квадрокоптерді қолданамыз.

Осы тектес жаңа технологиялардың көмегімен енді ұялы телефон ұрлықтары да азаятын болады. Мамырдың 25-інде ҚР-ның “Байланыс туралы” Заңына енгізілген өзгерісктерге сәйкес әрбір азамат өзінің құрылғысындағы имей код, сим карта және ЖСН-ін қайта тіркейді. Осының арқасында қарақшылардың қолды болған телефондарды қайта сатып жіберуге мүмкіндіктері болмайды.

Мадияр Харипов – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Телефон ұрланған уақытта жәбірленуші өзінің байланыс қызметі орталығына хабарласып, құрылғысын бұғаттауын сұрайды. Кейін бұл телефон жарамсыз болып қалады. Яғни, қарақшы оны не сатып жібере алмайды, не өзі де қолдана алмайды.

Сондай-ақ, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамына қарасты бұлтты бейнебақылау жүйесін енгізу шаралары да жалғасуда. Қазіргі таңда қала бойынша 450 үйдің кіреберісіне 900 камера орнатылса, алдағы уақытта қалған 700 шақты көпқабатты баспана да бейнебақылау құрылғыларымен қамтылмақ.

Молдир Макишева