Қоғам

Биыл Шал ақын ауданы 55 қоныс аударушы әулетті қабылдауға дайын

Полат Тәжібаев зайыбы Айсара және 4 баласымен өңірге ОҚО-дан 2016 жылы көшіп келген. Осымен екінші жыл бұл отбасы Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында тұрып жатыр. Туған өлкесін тастап, теріскейге қоныс аударудың басты себебі – жұмыстың жоқтығы болса керек. Жанұяның қазіргі жағдайы жаман емес.


Полат Тәжібаев – қоныс аударушы:

– Келіншегім мектепте мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 4 балам бар, бәрі мектепте оқиды. Өзім қыста мектепте, ал жазғы маусымда бақташы болып істеймін. Ауыл бізді жақсы қабылдады, араласып тұрамыз.

Полаттың әйелі мен үш баласы қазір түстікте, туған өлкесіне деген сағыныштарын басып, дем алып жатыр. Үйде қалғандары – отағасы мен үлкен қызы Бибігүл қожа. Айтпақшы, балғындарға да ауыл, мектеп – бәрі ұнайды.

Бибігүл Ақжолбек – Полат Тәжібаевтың қызы:

– Лагерьге барып демалып қайттым, бәрі ұнады. Оқу жылын жақсы аяқтадым. Достарым көп.

Қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақыға отбасы мына баспананы сатып алған. Ал былтыр Полат мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 1 млн теңге несие ресімдепті. Оған 4 бас сауын сиыры мен мал бағу үшін жылқы алыпты. Қазір күніне шамамен 40 литр ақ өткізіп, нәсібін көріп отыр.

Жомарт Жанжолов – Шал ақын аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 2016-2018 жылдар аралығында Шал ақын ауданына оңтүстік өңірлерден 35 отбасы қоныс аударды. Бәрі жұмыспен және баспанамен қамтылды. Оларға мемлекеттік субсидияларды толық көлемде төлеу үшін былтыр шамамен 12 млн теңге жұмсадық. Ал биыл бұл мақсатта ауданға 26 млн теңге бөлінді.

Биыл аудан оңтүстіктен қоныс аударушы 55 отбасы мен 5 оралман жанұясын қабылдауға дайын. Бір Ступинканың өзіне алдағы бірер айда екі әулет көшіп келмек.

Саят Ермек