Денсаулық сақтау

Жазғы демалыс уақытында балалардың жарақат алуы жиіледі

Жаз мезгілінде кез-келген баланың далада көп уақыт өткізетіні белгілі. Дәл осы кезде түрлі ойынға беріліп, көңілді болып жүрген балғындардың аяқ астынан жарақат алу фактілері де артады. 8 жасар Анатолий Лушин де досымен серуендеп жүргенде қалай құлап түскенін анғармай қалыпты. Салдарынан балақайдың сирақ сүйегінің төменгі бөлігі шытынап кеткен.


Анатолий Лушин – емделуші:


– Мен аяқ киімімді бөңкірге лақтырып ойнап тұрған едім. Бәтеңкемді алып, жоғарыға көтеріле бергенде абайсызда құлап қалдым.

Ақ халатты абзал жандар балғындардың жарақат алуы қысқы демалыстарға қарағанда жазғы уақытта жиірек кездеседі дейді. Сондықтан ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырады. Мәселен, облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесі 35 орынға шақталған. Дегенмен, жаз айларында мұнда түсетін емделушілердің саны 50-ге дейін жетіп жатады.

Асылхан Жағыпаров – облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:


– Егер 2017 жылы 3 айдың ішінде 177 адам бөлімшемізде емделіп кетсе, бүгінгі де соңғы екі айда бізге 150 бала түсіп, сауығып шықты деуге де болады. Көбіне, олар бізге бас ми жарақаты, бұғанасы, қолы, аяқ сүйектері, яғни, сан-сирақ, білек-иық, омыртқа, жанбас сүйектері сынуымен ауруханамызға келіп, әр-түрлі ем-домдарды алады.

Осылайша, биыл жарақат бөліміне жеткізілген балалардың саны 5 мыңнан асып түсіпті. Құтқарушылар болса, жаздыгүндері өзен-көлдердегі қауіпсіздік жайын да назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Оқыс оқиғалар жағажай мен суда да орын алуы мүмкін. Сондықтан, ата-аналар балақайларға кішкентайынан шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйрету керек.

Қуат Махметов – СҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:


– Балалар үнемі ересектердің қарауында болып, олардың рұқсатынсыз суға түспеуі қажет. Сондай-ақ, ең бастысы кез-келген азамат арнайы белгіленген орындарда ғана шомылғаны абзал.

Өзен-көлдерге түсу ережесін ұстану және жапа шеккендерге алғашқы көмек көрсету. Теріскейлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыстық балалар ауруханасының емделушілеріне осы сынды ақпаратқа қанық жадынамаларды таратып, мультфильдер көрсетті.

Тогжан Акмагамбетова