Ауыл шаруашылығы

Теріскейге Германиядан 284 бас құнажын әкелінді

Мына 312 бас сиыр Аққайың ауданына қарасты “Иван Зенченко” серіктестігіне Германияның Бавария өлкесінен маусымның басында жеткізіліпті. Арада өткен бір айдың ішінде-ақ құнажындар аймағымызға жерсініп үлгеріпті. Олар қазір заманауи кешеннің бірінде тұр. Мұнда малдардың күтімі жақсы. Зеңбі төлдеріне су арнайы құбыр арқылы жеткізіледі, нысан іші қапырық болса, желдеткіш іске қосылады. Қилары да күніне 3 мезгіл автоматты түрде тазаланып тұрады. Ол аз десеңіз, төрт түлікке массаж жасайтын қондырғы да бар.

Амантай Тілеужанов – “Иван Зенченко” ЖШС бригадирі:


– Сиырлардың жағдайы жақсы. Бұл малдар Германиядан буаз болып келді. Енді бұзаулай бастайды. Күніне екі мезгіл жайлаймыз.

Араға ұзақ уақыт салмай симментал тұқымды құнажындардың екінші легі де жеткізілді. Қазір мамандар малды жүк көлігінен түсіріп жатыр.

Жан-жағына таңырқай қарап, шашпаға шауып кірген мүйізділер 3 тәулік бойы жолда келді. Оларды мамандар сапар барасында жүк көлігінен жиі түсіріп, көгалдарда аздап баққан. Осының нәтижесінде төрт аяқтылардың барлығы фермаға есен-аман жетті. Енді, бұл құнажындар да алдынғылары сияқты серіктестікте бағылмақ.

Иван Зенченко – “Иван Зенченко” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:


– Мал түсіріліп жатқан жерде ірі сүт-тауарлық кешен болады. Жобаның жалпы құны 1,7-1,8 млн еуроны құрап отыр. Ақшаны “Аграрлық несие корпорациясы” мен “Қазком” банкінен несие ретінде рәсімдедік. Қаржының бір бөлігіне шет елден сиыр алдық. Нақтырақ айтсам, бұл симментал тұқымды құнажындардың әрбірінің құны шамамен 1 млн теңге. Олар өңірімге аз уақыттың ішінде үйреніп кетуі тиіс.

Осылайша серіктестіктегі сиырлардың саны 596 басты құрады. Бұл малдың барлығы да сүтті бағыттағы ірі қара. Олардың әрқайсысы күніне 25 литрден ақ бермек. Сонда болашақта кәсіпорында тәулігіне 15 мың тонна өнім өндіріледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, қазіргі күні заманауи кешеннің құрылысы қызу жүріп жатыр. Нысанды мамандар толығымен осы күзде тұрғызып бітпек. Жалпы, Аққайың ауданында соңғы жылдары мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


– Осы күні біздің ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 52 кәсіпорын бар. Соңғы жылдары олардың барлығы да асыл тұқымды мүйізділерді баптауға көңіл бөлуде. Биыл біз облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша 1600 бас ірі қара сатып алу керекпіз. Бүгінде сол жоспардың 86% толығымен орындалды деуге болады. Яғни, 1373 бас Зеңгі баба төлі алынды. Бұл ретте “Иван Зенченко” серіктестігінің қосқан үлесі зор. Аталған өндіріс ошағының бір өзі ғана барлық жоспардың 39,5% орындады.

Жалпы, бүгінде Аққайың ауданындағы ірі қараның саны 24 260 құрайды.

Байболат Бектемірұлы