ТЖ

Рейд шаралары жалғасуда

– Суға түсу маусымы басталғалы құтқарушылар 3 адамды өлім аузынан алып қалған. Олар арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылған екен. Қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында мамандар күн сайын 3-4 рет рейд шараларын жүргізеді.

Міне, қазір де суда құтқару қызметінің мамандары Есіл өзенін бойлай жағажайларды тексеріп жүр. Құтқарушылар қауіпті аудандарда шомылып жүргендерге ескерту жасап, жадынамалар таратты.

Биыл өңір бойынша суға түсуге болмайтын жерлерге 31 ескерту белгісі қойылған екен. Алайда, облыс тұрғындары рұқсат етілмеген өзен, көл жағалаулары мен су қоймаларына шомылуды доғарар емес.

Ольга Петрова – қала тұрғыны:

– Күн ыстық болған кезде көлге түсуге жиі келіп тұрамыз. Бұл жерде суға түсуге болмайтындығын білеміз. Алайда, басқа жаққа бару біз үшін тым алыс. Сондықтан, осы жерде шомылуды жөн көрдік. Жалпы барлық қауіпсіздік шаралары мен ережелермен таныспыз.

Демалушылар судағы қауіпсіздік шараларын біліп жатса да, қайғылы оқиғалар толастар емес. Төтенше жағдайлардың дені осындай қауіпті аймақтарда шомылып, қарапайым ережелерді сақтамағаннан болады дейді құтқарушылар.

Гүлмира Тұяқ – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Жыл басынан бері СҚО су айдындарында 4 адам қаза тапты. Оның 1-і 7 жасар бала және 17 жастағы жасөспірім. Қалғандары ересектер. Олар арнайы жабдықталмаған орындарда суға түскен.

Жалпы мұндай оқыс оқиғаларды болдырмау үшін күнделікті 56 құтқарушы 4 ауысыммен жұмыс істейді.

Молдир Макишева