Бизнес және экономика

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне – 15 жыл

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 15 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, сол уақыттан бері қазақстандықтарға баспана алудың ең тиімді шарттарды ұсынып келеді. Банк арқылы несие рәсімдеп, қоныс тойын тойлағандардың қатарында 6 мыңнан астам теріскейлік те бар. Жыл сайын бұл жандардың саны артып келеді. Себебі, мұнда банктің өз бағдарламаларынан бөлек, мемлекеттік бағыт арқылы да баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда қаржы институтының 36 мыңдай салымшысы бар екен. Олардың 7 мыңы банк қызметтерін ағымдағы жылдың басынан қолдана бастаған.

Райхан Абдрахманова – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚО филиал директорының орынбасары:


– Биыл Береке, Жас Өркен ықшам аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1500-ден астам пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың біқатары жыл соңына дейін тапсырылады. Бұған қоса, Солнечный кентінде 200 жеке тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінде, «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары өзгеріп, баспана одан да қолжетімді бола түсті. Ендігі кезекте, 20 пайыздық бастапқы жарна жеткілікті. Ал, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бұл баспаланарлың барлығына біздің банк арқылы қол жеткізуге болады.

Ал, алдағы уақытта аталған бағдарламалар қатарына 7-20-25 жобасы да қосылмақ. Тұрғын үй жинақ банкі сондай-ақ, сатылымға қойылған үйлерді де несиелендіреді. Тек ол үшін пәтер құнының 50 пайызын алдын-ала төлеу қажет. Нелли Решетова жақын маңда жаңа баспанасына көшуді жоспарлап отыр. Нәзікжанды бар жоғы бір ай бұрын ғана шот ашса да, үй бағасының тең жартысын салып үлгерген.

Нелли Решетова – салымшы:


– Тұрғын үй жинақ банкінің ұсынатын шарттары өзге қаржы институттарымен салыстырғанда мен үшін тиімді болды. Сондықтан да, осында келіп шот аштым. Бүгін міне болашақ пәтерімнің құжаттарын рәсімдеу үстіндемін. Баспананы қаламызда сатылымға қойылғандардың арасынан таңдадым.

Банк өз клиенттері үшін қызмет түрлерін кеңейтіп, жұмыс барысын оңтайландыруды ұмытпайды. Мәселен, енді кез келген кеңесті үйден шықпай-ақ, оператормен бейнебайланысқа шығып, онлайн түрде алуға болады. Бұл – қаржы институтындағы жалғыз жаңалық емес.

Дарина Башенова – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚО филиалының зал әкімгері:


– Мамыр айынан бастап депозитті сату қызметі іске қосылды. Күніне 7-10 адамдай көмекке жүгінеді.

Бүгін Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай, еңбегімен еленген облыстық филиалдың бірқатар мамандары қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың алғыс хатына ие болды.

Эльмира Сәдуақасова