Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдағы 149 баспана ғана қысқа әзірлігі жөнінде төлқұжат алған

Қазіргі таңда облыс орталығында 1071 көпқабатты тұрғын үй бар. Аталған баспаналардың бәрі алдағы қазан айының 1-не дейін жылыту маусымына дайындалып үлгеруі тиіс. Алайда жауапты іске жүрдім-бардым қарайтын тұрғын үй кооперативтерінің саны азаяр емес. Өйткені, шілденің ортасына таяп қалғанына қарамастан, осы күні 149 баспанада ғана жуып-шаю жұмыстары жүргізіліпті.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:


– Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 800 үйге өздері тұратын тұрғын-жайлардағы элеватор желілерін тазарту керектігі жөнінде нұсқаулықтар жолданды. Оның үстіне әр аптаның сәрсенбісінде осы жұмысқа қатысты кездесулер өткіземіз. Ол жиындарда біз ПИК-і төрағаларынан келіп түсетін өтініш-шағымдарды талқылаймыз. Үстіміздегі жылы әлеуметтік мекемелер мен пәтерлер орталықтандырылған жылудан 25-ші мамырда ажыратылды. Ал жаңа маусым қазан айында басталады деп жоспарланған.

Әрине, қысқы уақытта жауапты мекеме жерлестерімізді бір күнге де жылусыз қалдырған емес. Десе де маусымға дайындықсыз келетін баспана иелерінің кесірінен апаттық жағдайлар жиі туындап отырады. Сондай нысандардың бірі – Интернационал көшесіндегі 46-шы үй. 4 қабатты нысанда бірнеше жыл қатарынан жуып-шаю шаралары жүргізілмеген. Сондықтан бүгін қалалық тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері осы үйге аялдап, қысқа қамдануға ат үсті қарамауды тағы бір мәрте ескертті.

Руслан Исмағанбетов – Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:


– Кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің ПИК-і басшылары өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамайды. Кейін тұрғындар біздің инспекцияға жылыту элеваторының жұмысы мен жылудың аздығын айтып жүгінеді. Олардың барлығын жіті қарап, тиісті шаралар қолданамыз.

Ал Батыр Баян көшесі, 26 мекен-жайында орналасқан 5 қабатты үйдің жағдайы керісінше көпке үлгі боларлықтай. 9 подъезді баспанада маңызды шаруа әлдеқашан атқарылған. ПИК-нің төрағасы Николай Куликов, жылу құрылғыларын ағымдық тексеруден өткізуге биыл 60 мың теңге жұмсапты.

Николай Куликов – “Казахстанец” ТК төрағасы:


– Кооперативте тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыруға ерекше мән береміз. 1 элеватор желісін толық тексеруден өткізуге 18-бен 25 мың теңге аралығында қаржы жұмсалады. Пәтер иелері күтіп-ұстауға қажетті қаржыны ай сайын тапсырып отырады. 2 жыл бұрын жылу есептегіш құрылғысын орнаттық. Оның артықшылығы мен тиімділігін үй тұрғындары бірден сезінді.

Бүгінде орталықтандырылған жылу желісіне қосылатын баспаналардың қысқы маусымға әзірлігін 7 серіктестік тексереді. Бірақ, үйдің жылу қабылдауға дайындығына бірінші кезекте пәтер иелері жауапты. Бұл қысылған шақта Крылов ертегісіндегі шегірткенің кебін кимеудің бірден-бір жолы.

Бахыт Садвокасов