Қылмыс

Молаларға вандалдық шабуыл жасалды

Жұмысшы кентінің шетіндегі жаңа молада бірнеше күн бұрын қазылған бейіттің жанындағы орындық пен үстелдің тас талқан болғанын өткен сенбіде мәйітті жерлеуге келгендер көріпті. Вандалдық шабуылдар бұған дейін басқа қабірлерге де жасалыпты. Әсіресе, шет жақтағы құлпыстастар аяусыздықпен қиратылған. Адами қасиеттен безген бәз біреулер Карина Сафарянның ұлы жатқан орынға да зардабын тигізген екен.

Карина Сафарян – қала тұрғыны:

 


– Ата-аналар күні өткен соң ұлымның қабіріне қойылған гүлдер ұрлана бастады. Оған қоса осында ыдыстарға егілген өсімдіктіктерді де әкеліп қойғам. Олар да көп ұзамай қиратылды. Ал, жақында құлпытасқа жазылған жазулар мен гүлдің бейнесін біреулер өшіруге тырысқанын байқадым. Әруақтардың тынышын алып не керек? Одан қандай пайда табады? Мұндай бассыздықтарды тоқтатып, кінәлі жандарды міндетті түрде анықтау қажет.

Жалпы, жаңа зиратқа қаза тапқан қалалықтар 16 жыл бұрын жерлене бастапты. Содан бері мұнда бірде-бір рет вандалдық әрекет анықталмаған. Мұндай оқиғалар тек биылдан ғана орын алғаны белгілі болып отыр.

– Ал, бұл зираттың ескі бөлігі. Мұндағы жағдайды көзбен көріп шошып кеткен жайымыз бар. Мәселен, мына екі тасты бәз-біреулер құлатып тастапты. Ал, келесісіне зақым келтірілгендігін байқаймыз. Оны ауыр затпен ұрғандығы көрініп тұр.

Әйтпесе цементпен бекітілген құлпыстасты орнынан қозғалтып немесе ортасынан қақ жару мүмкін емес. Ескі зиратта вандалдық шабуылдан зардап шеккен басқа қабірлер де бар. Олар да аяусыздықпен қиратылыпты. Дін өкілдері мұндай әрекетке сатанисттер барды деп болжап отыр.

Роман Пудов – құдайға құлшылық ету соборының дін қызметшісі:


– Адамның санасына сыймайтын мұндай іске кімнің барғанын дәлел болмаған соң айту қиын. Бірақ, әдетте сатанистер осындай әрекет жасап жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаламыздағы молаларды аралап жүріп, қабір басында от жағылғанын көрдік. Тағы, “Сатана” сынды жазуларды анықтадық. Олар мұндай әрекет арқылы христиан дініне қайшылықтарын, біздің жасап жатқан құлшылықтарымызға қарсылықтарын білдіргісі келеді.

Бүгінде қабірлерге вандалдық шабуыл жасау фактісі бойынша облыстық ішкі істер департаментіне 2 шағым түскен. Қазір ведомства мамандары кінәлілерді анықтау шараларын жүргізіп жатыр.

Нұрбек Баекин – СҚО ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:


– Іске қатысы барлар анықталса, олар ҚР ҚК 294 бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни, оларға 300 АЕК айыппұл салынады немесе 75 тәулікке қамауға алынады.

Айта кетейік, бұған дейін өңіріміздегі басқа зираттарға вандалдық шабуыл жасаған жандар да жауапкершілікке тартылған болатын.

 

Байболат Бектемірұлы