Білім

АҚШ-тың ЖОО-да білім алғысы келетін талапкерлер үшін жазғы лагерь ашылды

Мектеп бітіруші түлектердің мемлекеттік емтиханы, ҰБТ сынақтарынан бөлек бас ауыртатындары – мамандық пен университет таңдау. Мұндайда сапалы білім алуға ұмтылғандар көбіне шетелдік оқу орындарын таңдайды. Талаптанса, мұхиттың ар жағындағы белді университеттерде де тегін оқуға мүмкіндік бар. Шетелдік жоғарғы оқу орындарының грантын ұтып алуға бола ма? Қандай құжаттар қажет? Қайда барып, кімнен сұраймыз? Бүгін теріскейлік талапкерлер бұл сауалдарына жауап ала алды.

 


Күмісжан Әлібекова – Education USA ұйымының кеңесшісі, Астана қаласы:


– Education USA ұйымы бүгін Петропавл қаласында “summer camp” яғни “жазғы лагерь” ашып отыр. Біз талапкерлердің сұранысын анықтап, соған сай университет ұсынбақпыз. Сондай-ақ, жастарға АҚШ-тың білім беру жүйесін түсіндіріп, шетелдік ЖОО-на құжаттарды тапсыруға көмектесеміз. IELTS, TOEFL, SAT емтихандарының талаптарын түсіндіреміз.

Іс-шараға келген үміткерлердің арасында 5 тілде сөйлейтін Рахат Маекенов та бар. Полиглот қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгеріпті. Қазір жапонша тілін сындырып жүр. Бозбала жақында «flex» бағдарламасы бойынша өткен байқауда жеңіске жеткен. Осылайша, Рахат үстіміздегі жылды АҚШ-та өткізбекші.

Рахат Маекенов – талапкер:


– Мен ағылшын тілін 7 жылдай меңгеріп келемін. Казіргі таңда IELTS емтиханына дайындалып жүрмін. Америкадағы белді университтердің біріне, халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсу – менің арманым. Көздегеніме қол жеткізу үшін қолымнан келгенін жасамақпын. Осы жазғы лагерь маған америкалық ЖОО-на тегін түсуге көмектесетіне кәміл сенемін.

Education USA ұйымы елімізде 2000 жылы ашылған. Жыл сайын олар кемінде 1-2 түлектің америкалық университтерде тегін білім алуына септеседі. Өңірдегі жазғы лагерь шаһарымызда шілденің 14-іне дейін жалғаспақ.

– Мен Америкадағы Колумбиа университетіне оқуға түскім келеді. Бұл әлемдегі журналистерді оқытатын ең мықты оқу орны. Мен өмірімді осы саламен байланыстырғым келеді.


– Биыл мен АҚШ-тың Пенсильвания университетіне құжаттарымды тапсырмақпын. Тегін оқуға түсемін деген ойдамын, себебі мен 6 жылдай ағылшын тілін меңгеріп келемін.

Бүгіндері құрама штаттардың университтерде 2000-ға жуық қазақстандық студент білім алуда.

 

Альмира Жетпісбай