Спорт

Спорттық акция өз мәресіне жетті

Таң атысымен бұл жерге жүздеген спорт сүйер қауым жиылды. Бүгін олар 21 күнге жалғасқан «Сенің жаңа қырың» челленджінің соңғы спорт жаттығуларына қатысуға келген. Ал аталмыш акцияға белсенді қатысқан ұйымдар бұған қоса дипломдармен марапатталады.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгін Сенің жаңа қырың челленджі өз мәресіне жетті. Біздің облысымыздың тұрғындары бұл спорттық акцияға бір адамдай жұмыла қатысты. Олардың арасында ерекше белсенділер де болды. Өз басым Арман Жәмішті атап өтер едім. Ол әр акцияға қатысып, жастарға үлгі болды.


ҚР-ның тұңғыш президенті паркіне челленжді қолдап келгендердің арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері, ІІД-нің қызметкерлері, облыстық мәдениет және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бар.

Күллі республиканы қамтыған акцияға біздің өңіріміз де белсене атсалысып, Елбасының халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырған үндеуін қолдады.

– Бұл ақцияға бірінші рет қатысып отырмын. Өзім спортпен айналысамын, сондықтан, жерлестерімізді де салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Ал, парктің ішінде ең жас спортшылар арасында футболдан қалалық турнир өтті. Бұл ойынға 2009-2011 жылдары туған жеткіншіктер қатысты.

Александр Новичков – жарыс төрешісі:
– Өңіріміздің футбол клубтарынан 6 құрама жасақталды. 2 күнге созылған жарыста “Жастар” командасы жақсы өнер көрсетті. Енді қазір осы құрама мен “Футбол орталығы” командасының ойыншылары өзара үздікті анықтайды.

“Жастар” құрамасының жас спортшысы Мадияр Әлібеков футболмен төрт жыл айналысады екен. Осы ойында ол жолдасына пас беріп, өз командасына ұпай еншілеуге септесті.

Мадияр Әлібеков – жарысқа қатысушы:

– Бүгінгі қарсыластарымыз мықты. Дегенмен жеңіске қол жеткіземіз деп ойлаймын.


Жарыс соңында қатысушылар дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

Дана Ешкенова