Қоғам

Қала күні “Солтүстік жұлдызы” саябағындада тойланды

Пестрое көлінің жағалауында 30-ға жуық спортшы жағажай волейболынан сынға түсіп жатыр. Дәл қазір ойын алаңына қыздар командасы шықты. Ксения Шалькина мен Екатерина Иванованың жұбынан кұралған құрама бірден қарсыластарына шабуылдар жасай бастады.

Осылайша, Ксения мен Екатерина екі кезеңде де тордың ар жағындағы волейболшыларға тойтарыс беріп, жақсы ойын тізбегін көрсетті.

Ксения Шалькина – жарысқа қатысушы:

– Бүгін төрт командамен ойнадық. Оның 3-уі “Барс” балалар және жасөсіпрімдер спорт мектебінен келсе, 1-еуі “Сбербанк”-тың намысын қорғады. Біз бәрін артқа тыстап, жеңіске жеттік. Қанжығамызға алтын медальді байлағанымызға қуаныштымыз.


Жалпы жағажай волейболынан өткен жарыста 13 команда өзара мықтыны анықтады. Негізінен, мұнда кәсіби волейболшылар емес, әуесқойлар жиылған. Жеңіс тұғыранан көрінгендерге кубок, медаль және грамота табыс етілді.

Наталья Ручинскене – жарыстың бас төрешісі:

– Дәстүрлі жарысқа қатысамын деушілердің саны жылдан жылға артуда. Мұнда 12-ден 30 жасқа дейінгі қыздар мен ер-жігіттер бар.

Сондай-ақ, бұл күні “Солтүстік жұлдызы” саябағында “түрлі түсті бояулар” фестивалі өтті. Алаңға жиналған петропавлдықтар бір-біріне қызылды, жасылды ұнтақтарды шашып, мерекенің сәнін келтірді.

Мерекелік шараға жиналғандардың дені жастар. Олар мұнда би билеп, дос-жарандарымен көңілді уақыт өткізе алды.

– Өте көңілді өтіп жатыр. Біз бұл мерекені көптен күттік. Және бүгін ауа-райы тамаша!


– Түрлі түсті бояулар фестиваліне достарыммен келдім. Көңіл-күй жақсы. Жалпы, іс-шара жақсы өтіп жатыр. Кешке дейін, соңына дейін боламыз.


– Маған фестивальде қатты ұнайды. Мұнда өте жақсы, көңілді. Музыка өте жақсы, көтеріңкі.

Пестрое көлінің жағасындағы мерекелік шаралар кешкілік уақытта да жалғасын тапты. Сахна төрінде эстрада жұлдыздары мен жергілікті әншілер ән шырқады. Өнер майталмандарының арасында облыстық филармонияның әртісі Медет Ибадулла да бар. Жас әншінің сөзінше, қаламыздың дамып, барша жұртқа танылуына әр адам өз үлесін қосуы қажет.

Медет Ибадулла – Облыстық филармония әншісі:

– Біздің қаламыз – әдемі. Өз басыма шаһарымыз ұнайды. Болашақта оның көркеюіне ат салыспақпын.

Концертке жиылғандардың әрбірінің жүрегінде Петропавлдың алар орны ерекше. Теріскейліктер күн сайын шаһарымыздың дамып, гүлденуі жолында еңбек етуде.

– Қалада тұрғанымызға 6 жыл болды. Осы уақыт ішінде Петропавл күннен-күнге ажарлануда.


– Бүгінгі таңда біздің қаламыз көркеюде. Болашақта демалатын орындардың одан да көп болғанын қалаймыз.

3 күнге жалғасқан мерекелік шаралар түрлі-түсті от шашумен аяқталды.

Тогжан Акмагамбетова