Қоғам

Петропавлдықтар қала күнін атап өтті

 

Саят Ермек – тілші:

– Еліміздің солтүстік қақпасы, ең ірі аграрлық өлкенің орталығы – Петропавл қаласына биыл 266 жыл толып отыр. Алғашында шағын ғана бекініс ретінде құрылған ол бүгінде еліміздің гүлденіп, көркейіп, алға басып келе жатқан шаһарларының бірі. Бірер күн бұрын петропавлдықтар елордасы Астана күнін дүркіретіп тұрып тойлаған еді. Ендігі кезек – Қызылжарда!

Шілденің екінші жексенбісінде петропавлдықтар дәстүрлі түрде қала күнін тойлайды. Кеше орталық алаңда қалалықтар мен қонақтар назарына әсерлі шоу бағдарлама мен көңілді концерт ұсынылды. Алдымен шаһар күнін атап өтуге жиылған дүйім жұртты мерейлі мейраммен қала әкімі Марат Тасмағанбетов құттықтады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Петропавл бүгінде дамып келе жатқан, болашағы зор қала. Бұл тамаша әрі жарқын мереке біз үшін сүйікті мейрамға айналды. Қала күнінің Астананың 20 жылдық мерейтойымен қатар келуі маңызды.

Кейін шаһар басшысы қаланың ілгері басуына еңбек сіңірген азаматтардың бірқатарын қошеметке бөледі. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Евгений Тетюхин – мүгедектер спорты бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Қалаға 46 жыл бұрын келген едім. Мүгедектігіме қарамастан спортта да, қызметте де көп жетістіктерге жеттім. Балдақ пен арбаға таңылсам да екі бірдей паралимпиада, 100-ден астам арбадағы марафонды еңсердім. Қазір қартайдым, алайда, әлі де қалалықтарды, әсіресе өзін қоғамға қажетсіз санайтын мүгедектерді спортқа баулуға, шаһардың, еліміздің көркеюіне үлес қосуға дайынмын. Петропавл – туған күнің құтты болсын!

Петропавлды туған күнімен кішкентай әртістер де құттықтады. Балғындардың биімен ортаға шаһар мейрамына орай арнайы жасалған алып торт шықты. Ол әрине жеуге жарамайды, алайда ішінде жағымды тосын сый бар.

Бұл күні өзінің танымал әндерін отандық эстраданың жарық жұлдызы, “Қазақстан дауысы” жобасының финалисті, теріскей тумасы Иса Әлимұса да орындады.

Иса Әлимұса – әнші:

– Қызылжардағы өнер колледжінде білім алған болатынмын. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерімнің барлығы осы қаламен байланысты. Осыны мақтан тұтамын.

Петропавл – менің тағдырымның қаласы. Мейрамның басты лозунгы осындай. Бұл қала қанша тағдырларды тоғыстырды, қанша адамды өзіне ғашық етті. Сондықтан әркім үшін ол ерекше ыстық.

Бейбіт Мұстафина – Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– 47 жыл бұрын қалаға келгенде тек бір қабатты үйлерден басқа ештеңе болмаған еді. Қазір қаламыз көркейіп, көз сүйсінер кейіпке енді. Біз бұған кішкентай ғана үлесімізді қоссақ қуаныштымыз.


Аптап ыстыққа қарамастан бұл күні көңіл көтеріп, би билеп, сауық құрған қалалықтардың қатары аз болмады. Олардың да шаһарға айтар өз тілектері бар.

– Туған күніңмен, Петропавл! Біз сені сүйеміз!

Саят Ермек