Қоғам

Петропавлда ҚымызFest өтті

Қазақтың әндері мен күйлері, ыстық бауырсақ пен бесбармақ. Н.Погодин атындағы орыс драма театры алаңында нағыз той. Қазақи нақыштағы шараға жүздеген қызылжарлық жиылған. Келгендердің барлығын ауқымды мерекелік бағдарлама күтіп тұр.

Құралай Жарова – СҚО кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы:

– Қымызфест көптен күткен ең ауқымды шаралардың бірі. Оның мақсаты – ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту. Бұған қоса, осындай фестивальдерді өткізу арқылы өлкемізге келетін туристер санын арттырмақ ниеттеміз.


Ішсең қымыз, жесең ет, мінсең көлік. Жабайы жылқы алғаш рет теріскей төрінде қолға үйретілген болатын. Сондықтан, бүгінгі қымызфесттің өлкеміз үшін маңызы зор. Шараға жиылғандарды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:
– СҚ өңірінде қымызфест биыл екінші мәрте ұйымдастырылуда. Ұлттық нақыштағы шараны өткізу алдағы уақытта дәстүрге айналады деген сенімдеміз. Бұл өскелең ұрпақтың рухания байып, қазақ халқының әдет-ғұрыптары жайлы білімдерін толықтыруға септеспек.

Шараның көркін Пушкин көшесі бойымен өткен сәйгүліктер шеруі қыздыра түсті. Тұлпарлар карнавалына аудандықтар мықтап дайындалған. Ұлттық киімдерді киген қыз-жігіттер, аттарын да қазақи нақышта безендіріпті.

Думанды той барысында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысқан түрлі ойындар да өткізілді. Ал, қаз-қатар тізілген ақ шаңқай киіз үйлерде дайындалған ұлттық тағамдар мен шипасы мол сусыннан дәм татуға болады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Сауға қуат, ауруға ем. Қымыз – қазақ халқының ежелден бергі ең сүйікті сусындарының бірі. Оның емдік қасиетін ата-бабаларымыз 5,5 мың жыл бұрын-ақ анықтаған. Қазір биенің сүті Қазақстанда ғана емес, барша әлемге өзінің пайдасымен танымал.

Алайда, сусынның дайындалуы тез әрі оңай шаруа емес. Тіпті, бұрындары әйел адамның қабілетін қымыз дайындауға қарап бағалаған. Дәмі тіл үйірер тағам бірнеше апта бойы әзірленеді. Қымыздың бабы – пісу мен сапыруға байланысты. Апаларымыз оны бие сүтін ашыту жолы, уақыт мезгіліне және бие саумалына қарай түр-түрге бөледі. Бұл технологиялардың барлығын Зейнеп Суфиянова жақсы меңгерген. Себебі, нәзікжанды жастайынан бие сауып, қымыз ашытады. Шараға жамбылдықтар ұлттық сусынның тай, дөнен, бесті деп аталатын бірнеше түрін әкеліпті.

Зейнеп Суфиянова – Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Бүгін біз 60 литрдей қымыз әкелдік. Оның арасында бал қымыз бар. Бұл сусын жылқының сүр етінен дайындалады.

Теріскей өңіріне Тараз қаласынан келген Ерасыл Берді үшін де бүгінгі мейрам ерекше. Бозбала республикалық өлкетану акциясы барысындағы экскурсияның қымызфестпен тұспа-тұс келгеніне дән риза. Кішкентайынан шипалы сусынды ішіп өскен жігіт, бұл жолы өлкемізде дайындалған қымыздың бірнеше түрінен ауыз тиіпті.

Ерасыл Берді – Тараз қаласының тұрғыны, Жамбыл облысы:

– Қымыз адамға қуат беріп, сергітетін сусын. Өз басым өте қатты ұнатамын. Әсіресе, саумалы ерекше.

Қымызфест жүздеген теріскейліктің басын қосты. Бірнеше сағат бойы олар көңіл көтеріп, қаймағы бұзылмаған қазақ өнерін тамашалады. Шараға келгендер жылы лебіздерін білдіріп, бір-бірін Астананың 20-жылдығымен де құттықтап жатты.

– Жарғайың ауылынан келдім. Қымыздың түр-түрінен дәм таттық. Өте ұнады.


– Бүгінгі іс-шара өте жақсы өтіп жатыр. Маған ұнады. Бір жасап қалдық.


– Дәстүрімізді жаңғыртатын шаралардың болғаны жақсы.


Эльмира Сәдуақасова