МТРА жаңалықтары

Шаһарда терек мамығы өртенуінің 200-ге жуық фактісі тіркелді

Альмира Жетпісбай –тілші:


– Терек мамығы – оған аллергиясы бар тұрғындар үшін ғана емес, өрт сөндірушілер үшін де қолайсыз уақыт. Себебі, бұл мамық айналаға таралғанда, қызыл жалынның туындау оқиғалары да еселене түседі.

Жаздың жайма-шуақ күндері келіп, терек ағаштары гүлдегенде қалада өрт шығу қаупі артады. Жерлестеріміздің көпшілігі теректің мамығын ермек құрған балалар жағып, оттың туындауына себепші болады деген ойда. Ал шын мәнінде, қызыл жалын сөндірілмеген темекі тұқылы мен шырпыдан да лап ете түсуі мүмкін. Биыл жаз маусымы басталғалы 200-ге жуық от шығу фактісі тіркелді. Осыған байланысты, облыс орталығындағы тұрғын үй секторларында өрт профилактикасы мақсатындағы рейдік шаралар жалғасуда.

Руслан Ерденов – Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері:


– Рейд кезінде қала тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірдік. Ең алдымен, үй аулаларының аумағында тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Сулау, сыпыру және жинастыру шараларын күнделікті атқарған жөн.


Сонымен қатар, балкондарды қажеті жоқ заттардан босатып, тез тұтанатын және жанғыш заттарды сақтамаған жөн.))

Бетке ұшып, аяқ астында шашылған мамық қала тұрғындарының да әбден мазасын қашырған.

– Біріншіден, терек мамығы кішкентай сәбилердің мазасын алады. Мамықтан көбінде, аллергия, түшкірік және жөтел пайда болады. Көшеде кетіп бара жатқанда теректің мамығы ұшып, мұрынға, көзге кіреді.

– Терек мамығы жылда азаматтардың мазасын алады. Өзімде терек мамығынан аллергия бар. Соның салдарынан көшеде көп жүрмеуді жөн көремін.

Теректен төгілген мамық осылайша кей кездері өрттерге, көп жағдайларда тұрғындардың дәрігер мен аллергологтарға жүгінуіне себепкер болып жатады.

Альмира Жетпісбай