Қоғам

Петропавлдықтар елорданың 20 жылдығына арналған шараларды тамашалады

Тұңғыш Президент саябағына жиналған тұрғындардың санында есеп жоқ. Думанды іс-шаралар лебі облыс орталығындағы басты алаңдардан бөлек, осы демалыс орнында да сезіліп тұр.

Мәселен, саябақтың бір бұрышында жеткіншектер қазақтың қара домбырасынан әуелетіп күй төгуде. Ұлттық аспапты қолына алғандардың бірі Мағжан Төлебай. “Жас дарын” өнер мектебінің шәкірті домбыраның құлағында 5 жасынан ойнап келеді. Бүгін ол келушілерді өз өнерімен тәнті етуде.

Мағжан Төлебай – “Жас дарын” өнер мектебінің тәрбиеленушісі:


– Мен 5-ші сыныпта оқимын. Әкем домбырада жақсы ойнайды. Маған өнер содан дарыған болар. Барлық қала және облыс тұрғындарын елорданың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Домбырашылардан әріректе қылқалам шеберлері, бас қаладағы танымал нысандардың бейнесін мозайканың көмегімен құрастыру үстінде. Саябақта ересектерге арналған шаралар да, балалардың көңілін көтеруге арналған қызықты ойындар да молынан ұйымдастырылды. Бір балғындар көңілді мәрелерде бақтарын сынаса, келесі алаңда кішкентай аяқдоп шеберлерінің кездесуі өтіп жатыр.

Ойы ұшқыр жеткіншектер шахмат ойнаудан да сынға түсті. Әсем саябақтың арғы жағында болса, барлық жастағы жерлестеріміз Астана туралы туындыларды тыңдап, әншілерге қосылып шырқады.

Бақыт Сәдуақасов – тілші:


– Ал мына жерде кез-келген тұрғын денесіне бояу көмегімен суреттер салуға мүмкіндік алды. Шамамен 1 суретті салуға 3-тен 10 минутқа дейін уақыт жұмсалады. Елорда мерекесі болғандық көпшілігі осы тақырыптағы суреттер салуда.


Бас қаланың 20 жылдық мерейтойы Петропавлдың әр бұрышында тойланды. Бұл шараларға ортақтасқан солтүстікқазақстандықтар көңіл көтеріп, Елордаға ізгі тілектерін білдіріп жатты.

 

Бахыт Садвокасов