Мәдениет

Петропавлда “Ел жүрегі Астана” атты облыстық ән байқауы өтті

Альмира Жетпісбай- тілші:


– Еуразия жүрегінде, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты жетпес кең байтақ қазақ жерінің кіндігінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана бүгін 20 жасқа толып отыр. Айтулы күнді барша қауым ерекше көңіл-күймен, үлкен қуанышпен атап өтуде. Аспаны ән-күйге бөленген Петропавл тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да естен кетпес талай қызықтың куәсі болды.

Жүздері бал-бұл жанған қала тұрғындары мен қонақтары күн санап гүлденіп, бой түзеген әсем шаһардың мерейтойын ұлықтауда. Орталыққа жиналған жерлестеріміздің назарына жас әншілердің орындауында әуенді де әуезді әндер ұсынылды.

Назерке Рамазанова бүгінгі шараға Астана қаласынан арнайы келген. Ол Еуразиялық гуманитарлық институтында өткен эстрадалық ән байқауында жеңіске жетіп, бүгінгі Қызылжардағы конкурсқа жолдама алған. Жас әнші айтулы мерейтойға орайластырылған сайыста мейман ретінде өнер көрсетпек.

Назерке Рамазанова- байқауға қатысушы, Астана қаласы:


–  Осы фестивальға Гүлнұр Оразымбетованың “Туған өлке” атты әнін таңдап, оны орындамақпын. Бұл өлең арқылы елімізге, жерімізге деген махаббатты білдірмекпін. Жалпы, бұл аққайындар өлкесі, Петропавл қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Фестиваль жоғары деңгейде өтуде.

Байқауда орындалған әуезді әндерді бишілер нәзік қозғалыстарымен әрлей түсті. Бұл күні сахна төрінен төгілген әншашудың барлығы арман қала – Астанаға арналды. Осылайша, жас әртістер еліміздің бас қаласына деген жүректеріндегі жылуды әнмен жеткізіп, демалушы жерлестерімізді шаттыққа бөледі.

Сырым Жарылқасынов – байқауға қатысушы, Темирязев ауданы:


– Күллі қазақ елін Астана күні мерекесімен құттықтаймын. Осындай ұлы мерейтойда мен де өз өнерімді паш етпекпін. Бүгінгі байқауда мен Ернар Айдардың репертуарынан алынған “Қазақстаным ұлы отаным-ай” атты әсем әнін орындаймын. Мен ол әнді таңдағаным себебі бұл әнде тұғыры биік, бүкіл әлемге паш етілген қазақ елінің еңсесі биіктігі дәлелденген.

Іс-шара соңында “Ел жүрегі Астана” атты байқауға қатысқан жеткіншектерге алғыс хаттар мен бәйтерек пішініндегі мүсіншелер табыс етілді.Елорданың туған күніне орайластырылған шаралар мұнымен шектелмеді. Көп ұзамай басты алаңда “AstanaFest” фестивалі бастау алды.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” жастар қанаты СҚОФ төрағасы:

– Бұл фестивальда жастарға барабаншылар шоуы ұйымдастырылады. Кейін субмәдениеттер арасында граффити, битбокс және көше билерінен байқау өтеді. Тағы орта ғасырлық батырлардың жекпе-жегі болады.


Фестиваль барысында қалалықтар үшін жергілікті жұлдыздар ән шырқады. Кеш барысында тағы бірнеше ойын-сауық шарасы ұйымдастырылды.

Альмира Жетпісбай