Балалар

Петропавлда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

Достық үйінің алдыңдағы мерекелік шара “Асқақтай бер, Астана” флэшмобымен бастау алды. Мұнда қыздар қазақ, өзбек, кәріс, тәжіктердің түрлі түсті ұлттық киімдерін киіп алып, би биледі. Бұл көрініс көп ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығын тағы бір айғақтағандай болды.

Содан соң, дүйім жұрт қазақ халқынының мәдени фестивалін тамашалады. Мұнда өңіріміздің белді деген өнер ұжымдары өнер көрсетті. Қолдарына домбыра, шертер, қобыз, жетіген мен дабыл сынды ұлттық аспаптарды алған «Әлқиса» фольклорлық ансамблі баршасына аян күйлерден шашу шашты.
“Әдемі-ау” ұжымының биші қыздары болса, аспаптардың үніне үйлесіп, би биледі.

Бұл концертте 100-ден артық күміс көмей әнші, саусағынан бал тамған күйшілер мен мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Гүлбақша Мұсабаева -“”Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:


– Бүгін осы театр, өнер және басқа салаларда еңбек етіп жатқан тұлғалар тұрғындарға өздерінің тілектерін қала тұрғындарына жеткізіп жатыр. Олар көңілдерін әрине, ән-би арқылы жеткізуде. Сондықтан, әрқашанда Астана-біздің жүрегімізде болсын деп тілегім келеді.

Мерекелік бағдарламадан С.Мұқанов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана қызметкерлері де қалыс қалған жоқ. Олар нысанның дәл алдында ашық аспан астында әдеби-музыкалық алаң ұйымдастырыпты. Мәселен, ортаға шыққан ақын Марал Оспанова өзінің қаламынан туған 3 өлеңін мәнерлеп оқыды.

Елордасымыздың мерейтойында туған қаламызға деген сүйіспеншілігін жеткізген ақын туындыларының негізгі бөлігі осы атамекен, туған жерге арналады екен.

Марал Оспанова – ақын:


– Жастайымнан өлең-жырға жақын болдым. Әдебиетті сүйіп оқыдым. Содан соң, өлең жаза бастадым. Астана күні – өте бір атаулы күндердің бірі. Сондықтан, бұл мейраммен барша қазақ елін құттықтаймын. Әр шаңыраққа береке, бірлік, бақыт, қуаныш тілеймін.

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:


– Ал, бұл жерде “Астана – Қазақстан шежіресіндегі алтын жол” атты көрме жайғасқан. Мұнда теріскейліктердің назарына елордамыз жайлы жазылған 80-нен астам кітап пен журнал ұсынылып отыр
.

Сондай-ақ, бұл маңда тұрғындар еліміздің бас қаласының зәулім зимараттары бейнеленген фотосуреттерге көз жүгірте алды.
Жалпы, бүгін Еуразияның дәл кіндігінде орналасқан елордамыздың 20 жылдығының құрметіне өткізілген той-думанға ортақтасуға келгендердің қатары қалың болды.

– Бүгінгі мереке өте көңілді. Міне, жүрміз бала-шағамызбен. Бүгін барлық Қазақстан халқын осы атаулы датамен құттықтаймыз. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тілейміз.


– Астана күнімен бүкіл қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын. Астанамыз – еліміздің жүрегі. Жылдан-жылға жарқырап жайнай берсін. Елбасымыз аман болсын. Біздің болашағымыз жастар ғой. Олар келешекте тек қана бейбітшілікте өмір сүрсін.

Тоғжан Ақмағамбетова