МТРА жаңалықтары

Өңірге келген Араб Әмірлігінің делегациясы Петропавлдағы өндіріс ошақтарын аралады

Алдымен Біріккен Араб әмірлігінің Фуджейра эмиратынан келген бизнес делегация өкілдері, қаламыздағы “Молпродукт” серіктестігіне аялдады. Орта Азияда теңдесі жоқ кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы 500 тоннаны құрайды. Дегенмен, сүт зауыты шикізаттың аздығынан күніне тек 330 тонна сүт өндіріп келеді. Кездесу барысында мекеме басшылығы Біріккен Араб әмірлігінің делегациясына ақты өндірудің толық цикілін түсіндіріп өтті. Іскер азаматтарды серіктестікте шығарылатын ақтың сапасы мен оны тасымалдау үрдісі қызықтырды. Кейін меймандар осы жерден сауда нүктелеріне аттанатын 40-тан аса өнім түрін жіті қарап, дәмін татып көрді. Кездесу барысында тараптар жергілікті ақтың бір легін құмды өлкеге жөнелтуді де сөз етті.

Шариф аль-Аудахи – Фуджейра эмиратының еркін экономикалық аймағының бас директоры, БАӘ:


– Зауыттың сапалы сүт өнімдерін шығаруға әлеуеті жоғары екендігін байқадық. Кәсіпорынның тауарлары ел нарығында танымал екен. Жалпы БАӘ-не сүттің 50 пайызы импорттық жолмен жеткізіледі. Сәйкесінше ақтың сапасы төмендеу. Сол себептен біздің бизнесмендер қазіргі уақытта құнарлы ақ өнімдерін шығаратын өзге елдермен байланыс орнатуға құлықты.

Кейін делегаттар «Сұлтан» акционерлік қоғамының диірмен-макарон кешеніне бас сұқты. Аталған кәсіпорын – еліміздегі шетелдік инвестиция салынған алғашқы жобалардың бірі. 1996 жылы тұрғызылған кешен аумағында элеватор, диірмен және макарон фабрикасы орналасқан. Соңғысы швейцариялық қондырғылармен жабдықталған.

Виктор Трасковский – «Султан – ЭДМК” АҚ диірмен-макарон кешенінің директоры:


– Бүгінде кәсіпорнымызда «Сұлтан» маркалы 38 макарон өнімі шығарылады. Оларды тек қатты бидайдан жасаймыз. Сондықтан сапасы жоғары. Шикізатты негізінен теріскей өңірі мен Қостанай, Ақмола облыстарынан аламыз. Оған қоса, өзіміздің 10 мың га алқабымыз бар.

Макарон фабрикасы 4 жолақтан тұрады. Қуаттылығы тәулігіне 192 тоннаның құрайды. Жылына мұнда 17-20 мың тонна тауар шығарылады. Алайда, кәсіпорынның қауқарлығы тағы 10 мыңға жетеді екен. Бірақ, әзірге мұндай сұраныс жоқ дейді кәсіпкер. Соның өзінде, тауар Қазақстанда ғана емес, барша ТМД елдерінде саудаланады. Себебі, өнім экологиялық тұрғыдан таза, түрлі қоспаларсыз жасалады. Онымен қоса бағасы да қолжетімді. Мәселен, макаронның 400 грам болатын бір қаптамасы елімізде 147 теңгеге бағаланса, ал, біріккен араб әмірліктерінде мұндай өнім шамамен 100 теңгеге қымбат екен.

Салем Аль Афхам – Фуджейра эмиратының мұнай өнеркәсібінің директоры:


– Біздің еліміз дәнді дақылдарды егуге қолайсыз. Сондықтан, макарон өнімдерін көршілес мемлекеттерден импорттаймыз. Сол себепті де, іс-сапарымыздың мақсаты – кәсіпорындармен танысып, әріптестік қарым-қатынас орнату. Әмірлікке қайтқан соң, барлық ұсыныстарды таразылайтын боламыз.

Бұдан соң, Фуджейра эмиратынан келген бизнес делегация өңірдегі ірі элеватор – “ТНС Экспорт”-қа соқты. 2014-ші жылы тұрғызылған алпауыт кәсіпорынның сыйымдылығы 120 000 тонна. Серіктестік негізінен дәнді-дақылдарды қабылдау, кептіру, өңдеу, сақтау және тасымалдаумен айналысады. Сонымен қатар, мұндағылар көп ұзамай майлы тұқымдастарды өңдейтін зауыттың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Біріккен Араб әмірлігін теріскей өлкесінде өсірілетін ас атасының сапасы тамсандырыпты.

Марван аль-Шейх – Фуджейра эмираты әкімшілігінің хаттама басшысы, БАӘ:


– Мені мұндағы астық қабылдау-сақтау мекемесінің жұмысы қызықтырды. Біздің Фуджейра эмиратында да осыған ұқсас бидай сақтау кәсіпорындары бар. Алайда, БАӘ-де георграфиялық және климаттық жағдайға байланысты дәнді-дақылдар өсіруге мүмкіндік жоқ. Естуімізше, СҚ облысы Қазақстандағы ірі астықты өлкелердің бірі.

Кездесу барысында өңір бизнесмендері қуатты елге дәнді-дақылдар жеткізуге ынталы екендіктерін жеткізді. Егер құнарлы топырақта өсіп-өнген сары алтын арабтардың көңілінен шықса, өнімдерді кез-келген көлемде жеткізуге мүмкіндік бар.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Биыл өнім жақсы болып, егін бітік шықса, осы кісілермен жұмыс істеу жоспарда бар. Соны әрмен қарай жалғастыру керек. Ол үшін нақты істер атқару қажет. Өз бидайымызды дұрыстап жинап алып, сапасы дұрыс болса, барлық жағынан келісе жатармыз. Мен ойлаймын осы кісілермен тіл табысып, сол Парсы шығанағына шығу ойда бар.

Қос тарап та бұл кездесулерден зор үміт күтеді. Олар бүгінгі уағдаластықтар аяқасты қалмай, екіжаққа да тиімді келісімдерге ұласарына сеніммен қарайды.

Бахыт Садвокасов