Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты


Пестрое көлі – қалалықтардың ермек құратын демалыс орындарының бірі. Жағажай шаһардың кіреберіс қақапасында орналасқандықтан, барлық талаптарға сай безендірілгені абзал. Тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті мекеніне айналған орынды, жақында ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Айтар болсақ, сұрықсыз қамыстар мен бей-берекет қаумалап кеткен шөптер түгелімен оталмақшы. Осылайша, жағажайды тағы 21 мың шаршы метр аумаққа дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бүгіннің өзінде мұнда 17 мың текше метр топырақ жеткізілген. Мердігер компания өкілдері, болашақта жаңа балалар алаңқайы, шағын сәулеттік пішіндер, шезлонг пен көлеңкелі шымылдықтар орнатылатындығын айтады. Өңір жетекшісі жағажайды қолданысқа беру уақытын созбауды ескертті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі

– Шілде айының аяғында жұмыс аяқталады.


Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Шаруа сылбыр атқарылуда. Мен кеше кешкісін осы маңнан өттім. Іс тындырып жүрген жанды байқамадым. Біз жұмысты орындауға қажетті қаржымен қамтамасыз еттік. Сондықтан, әр ашық күнді тиімді пайдалану керек!

Сондықтан, құрылысқа жауапты орган басшылары мен мердігер серіктестіктерге жұмысты ширату тапсырмасы берілді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Мына жерде жазғы су таратқыш пен киім ауыстыратын орындарды қарастырып қойдық. Сонымен бірге, жазғы душ кабиналар орнатылады.

Бұдан бөлек, шаһар басшысы болашақта су қоймасын тазарту шараларына ғалымдарды тартатындығын жеткізді. Екпінді өзгерістер осы маңдағы “Лана” дәмханасын да күтіп тұр. Өңір жетекшісі, жол бойында орналасқан тамақтану орны қонақтарға ыңғайлы болуына баса мән берілуін тапсырды. Ал қыркүйек айында ауқаттанатын орын өзге кейіпке енеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Біз сіздерге тұраққа арналған аумақты кеңейтуге мүмкіндік беріп отырмыз. Нысан аумағы барлық санитарлық талаптарға сай болғаны жөн. Келушілердің қызмет көрсету сапасына көңілдері толу керек.

Түбегейлі өзгерістер облыс орталығындағы Киров атындағы зауытты да күтіп тұр. Кәсіпорын басшысы Амангелді Арғымбаев, өндіріс ошағының 30 жылдан бері жөндеу көрмегендігін айтады. Енді міне, биыл тиісті жұмыстарды еңсеру көзделген.

Амангелді Арғымбаев – “С.М.Киров атындағы зауыты” АҚ бас директоры:


– Біз ескі ағаш терезелерді пластикалық баламасына ауыстырып жатырмыз. Қосымша жаңа цехтарды да іске қосу ойда бар. Зауыт қызметкерлері тұратын жатақхана да ескерусіз қалмайды. Барлығын тас түйін ретке келтірмекпіз. Осы бағытта келісімшарт жасап, жөндеу шараларының құнын алдын-ала төлеп қойдық.

Сонымен бірге зауыттың қоршаулары да қалыпқа жаңартылып, нысан аумағы өзгеріске ұшырайды. Осы шаруаның барлығына 135 млн теңге жұмсалмақшы. Өңір жетекшісі кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бей-берекетсіз өндіріс ошақтарында жұмыс ешқашан алға басқан емес. Сол себептен облыс әкімі ретінде өлкедегі барлық зауыт басшыларынан өз ғимараттарын талапқа сай ұстауға мән берулерін сұраймын. Бұл ірілі-ұсақты сауда орталықтарына да қатысты. Қаладағы әр нысан дұмыс болғанда ғана шетелдік инвесторлар қызығушылық танытады. Осыны естен шығармаңыздар!

Ал мына жер биік дуалдармен қоршалып тұрғанда қаңғыбастар мен иесіз үй жануарларының мекені болған. Бүгінде аумақта заман талабына сай “Достық молл” сауда орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимараттың жалпы ауданы – 27 мың шаршы метрді құрайды.

Мұтар Игібаев – құрылтайшы:


– Панорамалық лифтілер ғимараттың арғы бір бөлігінде орнатылады. Мына жерде ауқымды іс-шараларды өткізуге арналған қоғамдық орын қарастырылған. Шамамен бір мезетте 300-400 адам сияды.

6 залдан тұратын кинотеатр, сауда нүктелері мен панорамалық терезелермен жабдықталған сәнді мейрамхана. Осы игіліктердің арқасында бұл моллда 500 жерлесіміз тұрақты табыс көзімен қамтылады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Сіздер сұранысты арттыру мақсатында брендтті тауарларды жеткізулеріңіз керек. Барлық бірегей сәнді заттар осы жерден табылсын. Соған мән беріңіздер.

Мұхтар Игібаев – құрылтайшы:


– Мамандарымыз осы жолда тынбай еңбектеніп жатыр. Сауда орталығында өз тауарларының саудаланғанын қалайтын халықаралық компаниялар көп. Олар осы нысанда саудасын жүргізгілері келеді.

Ұлттық нақыштағы бейнелі қақпа, тастармен көмкерілген урналар мен ыңғайлы орындықтар. 20 күн бұрын Жамбылдың есімін иеленген көше бойында дарынды тұлғаның құрметіне саябақ құрылысы басталған болатын. Сәулетті мекен – астаналық дизайнердің еңбегі.

– Сөз жоқ, әдемі!

– Елестетіп көріңізші, бәрі бір қатарда, әр аралықта тастан жасалған қоқыс жәшіктері тұрады. Сондай-ақ, зиг-заг формасында газон егіледі.

Өңір басшысы қала орталығын ғана емес, шеткері аудандарды да назарға алуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Мұндай нысандар көбірек болуы тиіс. Әкімдік ұдайы қаржылай көмек беріп келеді. Мен қолым бос кезде қала аулаларын әдейі аралаймын. Ол жерлерде баспана иелері тынығатын орындар мүлдем қарастырылмаған. Адамдар демалатын орындар да жоқтың қасы. Оның үстіне көлік қоятын аумақтардың тапшылығы сезіледі. Бұл дұрыс емес.

Ал мынау – К.Сүтішев көшесі бойындағы “Барс” шахмат клубының кеңсесі. Енді ойы ұшқыр шахматшылар таза ауада отырып, ойнай алады. Маңайдан ұзындығы мен ені 9 шаршы метрді құрайтын тақтайша орнатылды. Барлық фигуралар қозғалады.

Ирина Пюрко – “Барс” ОРБЖСМ мектебі директорының орынбасары:


– Тұрғындарға жаңа композиция ұнап жатыр. Бұл Астананың 20 жылдығына орай жерлестерімізге жасалған үлкен сый.

Жалпы биыл қаладағы абаттандыру жұмыстарына 600 млн. теңге бағытталып отыр. Облыс әкімі келер жылы бұл соманың 2 есеге артатынын жеткізді.

Бахыт Садвокасов