Қоғам

Нұротандықтар Астана күнін атап өтті

Облыстық Нұр Отан партиясы белсенділерінің басын қосқан салтанатты жиын Елорданың 20 жылдығына арналған. Шарада аға буын өкілдері бас қаланың осы уақыт ішінде қаншалықты дамып, гүлденгенін сөз етті. Күннен-күнге өзгеріп, құлпырып келетін Астана еліміздің мақтанышына айналды. Салтанатты шарада Нұр Отан партиясының қатары жаңа белсенділермен де толықты. Мейржан Кабиев – Елордамыздың құрдасы – жасы небәрі 20-да. Жас Отан жастар қанатына мүшелік еткен бозбала, бүгін салтанатты түрде Нұр Отандықтардың қатарына қабылданды. Студент Астананың мерейтойына орай партиялық билетке қол жеткізгеніне дән риза.

Мейржан Қабиев – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ мүшесі:


– Соңғы рет Астана қаласында биылғы жылдың наурыз айында болдым. Кішкентай болғанда, бас қаламыз есімде мүлдем басқаша болып қалған еді. Бұл жолы зәулім ғимараттарға толы, заманауи елорданы көрдім. Астана кімді болсын өзінің сұлулығымен тартады.

Шараға қатысушы әрбір партия мүшесінің еліміздің дамуы мен гүлденуіне қосқан өз үлесі бар. Бүгін бұл жандардың еңбегі еленуде. Астана қаласының 20-жылдық мерейтойына орай нуротандықтар марапатқа ие болды.

Наиль Абраев – “Империал” ЖК директоры:


– «Империал» таксопаркінде бастауыш партия ұйымы 2 жылдай жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында ұжымымызбен қала және облыстың қоғамдық өміріне белсенді түрде ат салысуға тырыстық. Ұлы Жеңіс күні және халықаралық балаларды қорғау күні сынды мерекелерде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып тұрамыз. Шаралардан таксистердің барлығы дерлік шет қалмауға тырысады.

Партия мүшелерінің бірқатары орталық аппараттың алғыс хаттарына ие болса, кейбірі облыс әкімінің марапатына қол жеткізді. Жалпы, бұл күні 60-тан астам белсендінің көпжылдық еңбегі еленді.

Эльмира Садвокасова