Құқық қорғау органдары

Астана күніне орай полицейлер марапатталды

Қазақстанның жүрегі, Сарыарқа төрінде орналасқан Астана барша қазақстандықтарды таңдай қақтырады. Мемлекеттің брендіне айналған елордамыз биыл 20 жасқа толып отыр. Мерейлі мерекеге орай бас қосқан полиция қызметкерлерін облыстық ІІД бастығы Берік Біләлов құттықтады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Елордамыз – әлемдегі ең жас астана деп есептеледі. 20-ақ жыл бұрын бекітілген бас қаланың бүгіндегі жетістіктері мол. Астанада осы уақыт ішінде талай рет халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Бұның барлығы елбасы Н.Назарбаевтың елорданы ауыстыру туралы шешімінің қаншалықты дұрыс болғанын дәлелдеп отыр.

Еліміздің ашық аспан астында дамып, гүлденуіне тәртіп сақшыларының қосқан үлес зор. Олар Қазақстандағы ынтымақты сақтауда аянбай қызмет етіп келеді. Салтанатты жиында еңбегі еленген бірқатар полицей «Астанаға – 20 жыл» төс белгісімен марапатталды. Құқық қорғаушылардың арасында осы саладағы еңбек өтілі 20 жылды құрайтындар да бар.

Қуаныш Жұмағұлов – Аққайын аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы:

– Мен ІІО қызметімді 1998 жылы бастадым. Кейін 2000-шы жылы Аққайың ауданына жіберді. Қазір осы ауданда ІІБ ЖПҚ бастығы болып еңбек етудемін.

Салтанатты шарада ішкі істер органдарының ардагерлері де қошеметке бөленді. Астананың осы күнге дейінгі дамуының куәгерлері 20-ақ жыл ішінде орын алған өзгерістер таң қалдырмай қоймайды дейді.

Дүкенбай Осипов – ІІО ардагері:


– Астана қаласында талай рет болдым. Экспо көрмесіне де бардық. Бұрынғы Астанамен салыстыруға мүлдем келмейді. Оның сұлулығын айтуға сөз де жетпейді.

Жалпы, елорданың төл мейрамына орай, ІІО-ның 40 шақты қызметкері марапат мен мерекелік төс белгілерге ие болды.

Эльмира Садвокасова