Бизнес және экономика

Жергілікті тауар – астаналықтардың сұранысына ие

“Зенченко и К” командиттік серіктестігінің сүт зауыты Астананың төл құрдасы. Биыл өндіріс ошағының құрылғанына тура 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде кәсіпорын елімізге ғана емес, Ресейге де танымал атанды. Қазіргі уақытта компанияның тауары Қазақстанмен қоса, көрші мемлекеттің Қорған және Омбы қалаларында да саудаланады.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

–  Бастапқы кезеңде күніне 2 тонна өнім дайындайтынбыз. Ол кезде істі енді бастап жаттық. Тәжірибеміз де, өндіріске қажетті қондырғыларымыз да көп болмады. Ал, 2013 жылы жаңа зауыт салдық. Нысанға Германиядан заманауи құрылғылар әкеліп орнаттық. Нәтижесінде тәулігіне өндірілетін ақтың көлемі 40 тоннаға дейін жетті.

Былтыр тәуліктік ақтың мөлшері тағы артты. Өткен жылдан бастап зауытта 1 күн ішінде 65 тонна өнім әзірленіп келеді.

Осындай қарқынмен жұмыс істейтін компания былтыр 16 мың. тонна ақ дайындапты. Тауардың жартысы өңіріміз бен Ресейге, қалғаны Астанаға жөнелтілген. Қазіргі уақытта да теріскейлік өнім Елордада саудаланып жатыр.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

– Астанаға жексенбі, сейсенбі, бейсенбі күндері 42 тоннадан өнім жібереміз. Ал, дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада 24 тонна ақ саудаламаймыз. Бас қаланың тұрғындары біздің тауарды жақсы көреді. Олар үнемі қоңырау шалып немесе смс-хабарлама жолдап, сүт өнімдеріне көңілдеріне толатындықтарын айтып жатады. Осы қарқыннан таймауға тырысамыз. Алдағы уақытта ассортимент көлемін арттырып, елордалықтарды куантамыз деп ойлаймын.

Міне, Астанаға жөнелтілетін тауардың кезекті легі жүк көлігіне тиелуде. Мамандар сүт, айран, қаймақты қатар-қатар қойып жатыр. Машинаның іші салқын. Сондықтан мұндай өнім қандай ауа райы болмасын бүлінбейді. Бұл темір тұлпарды Евгений Захаров басқарады. Жүргізуші 10 жылдан бері “Зенченко и К” КС еңбек етіп жүр. Азамат Елордаға бір аптада 2-3 рет барып келеді екен.

Евгений Захаров – “Зенченко и К” КС сүт зауытының жүргізушісі:

– Бастапқыда көліктегі температура -4 -5-тің маңайында болады. Кейін + 2-ге дейін жоғарылайды. Мұндай жағдайда өнім бүлінбейді. Қазір жолға шықсам, шамамен 8 сағаттың ішінде Астанада боламын. Таңертен ақ дүкендерге таратыла бастайды. Біздің тауарды астаналықтар жақсы көреді. Барған сайын сұрап, сүт-қаймағымызды мақтап жатады.

Айта кетейік, биыл “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің сүт зауыты бірнеше заманауи қондырғыны сатып алмақ. Нәтижесінде осы жылдың күзінде күніне 85-90 тонна өнім дайындау жоспарланып отыр. Жалпы, қазір компанияда 110 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 120 мың теңгені құрайды.

 

Байболат Бектемірұлы