Қоғам

Қабырғасы құлаған үйдің тұрғындарына уақытша баспана берілді

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын, маусымның 7-сінде Гүлжан Ильясова жұбайы және екі қызымен далада қалған еді. Олардан бөлек, тағы 4 жанұя пана еткен Уральская-3 мекен жайындағы екі қабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түскені есімізде. Айтпақшы, бұл баспананың қазіргі жағдайы мынадай. Қалалық әкімдік бұл жандарға жедел көмектесті.

Қазір Гүлжан және оның отбасы Семашко көшесінде жуырда ғана бой көтерген баспанадан пәтер алды. Тек уақытша.

Гүлжан Ильясова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қорқынышта өмір сүрдік. Әсіресе түнде. Қабырғасы құласа үйдің астында қаламыз деген үрей бастан кетпейтін. Ал мұнда бәрі жақсы. Пәтер жаңа, бізге дейін ешкім тұрмаған. Балалар алаңқайы мен жақын маңда мектеп бар. Алғысым шексіз.

Уақытша баспананы бұл отбасы жалға алып отыр. Өтемақы айына 3 мың теңгеден аспайды. Оған қоса коммуналдық төлемдер бар. Қазір Гүлжан пәтер кезегінде 47-ші тұр. Кезегі жеткен соң отбасы бұл баспананы босатып, өз пәтеріне көшеді. Дәл осындай шартпен уақытша пана Емельяновтар отбасына да берілді. Олар да апаттық баспананы паналаған еді. Қазір Наталья және ұлы Максим Черемушки ауданындағы бір бөлмелі пәтерде тұрады.

Наталья Емельянова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Пәтерді жалға алудың шарттарына ойланбастан келістік. Бастысы, қалтадан қақпайды. Қазір кезекте 54-ші тұрмын. Өз баспанамызды асыға күтетін боламыз. Облыс әкіміне мың алғыс. Бізді далада қалдырмады. Бір тәуліктің ішінде басқа пана тауып берді.

Қабырғасы құлаған үйде тұрған бес жанұяның бәріне де осындай баспана берілді. Уақытша болса да, жаңа пәтерлеріне бәрінің көңілі толып отыр. Айта кететін жайт, басқа пана апаттық үйдегі орын алған оқиғадан соң бір тәуліктің ішінде табылған.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 


– Егер Уральска -3 мекен жайындағы үй бұзылса, онда кезегі келген соң тұрғындардың меншігіне қайтарымсыз пәтер береміз. Алайда, бұл баспананы бұзу әзірге жоспарда жоқ. 2017 жылы біз бір ғана апаттық баспананы бұздық. Қазір тозған үйлерде тұратын азаматтарға арналған баспаналар тұрғызылып жатқан жоқ. Олар мемлекеттік бағдарлама бойынша да пәтер ала алмайды. Әзірге, 5 отбасының бәрін уақытша баспанамен қамтыдық. Енді оларға тек кезек күту керек.

Қазір Петропавл бойынша 18 тұрғын үй апаттық деп танылған. Осылайша 180 адам жаңа, қауіпсіз баспанаға зәру болып отыр.

Саят Ермек